Бизнес өкілдері Елбасының үндеуін қолдап, қаржылай көмек көрсетуде
Мәселен, қазақстандық компаниялар тобы республикалық коронавирусқа қарсы күрес орталығына 1 млн доллар бөлді. Осы танымал кәсіпкердің қоры бұған дейін қауіпті індетті еңсеруге 200 млн теңге аударған еді. Бірнеше кәсіпкер кеселмен күреске арнап 1 млрд теңге қаржы аударды. Қаражат Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларының әкімдіктері арқылы таратылады. Шымкенттік тағы бір кәсіпкер, Nur Otan партиясының мүшесі көмекке 20 млн теңге қаражат жұмсады. Короновирусқа қарсы сақтық шараларын күшейтуге Қарағанды кәсіпкерлері де үн қосуда. Белгілі меценаттардың бірі жедел тест алу үшін 5 млн теңге бөлді. Аса қажет сынамалар облыс ауруханаларына жіберіледі. Осы өңірдегі шаруа қожалықтарының жетекшілері болса мұқтаж жандарды азық-түлікпен қамтамасыз етуде. Арнайы штабқа 50 қап картоп пен азық-түлік салынған 103 себет жеткізілген. Оларды волонтерлер баршаға теңдей үлестірді.
Ержан Хамитов, Қарағанды облыстық Zhas Otan жастар қанатының төрағасы:
- Төтенше жағдай жарияланғаннан бері дәріханаларда және дүкендерде кезек созылып кетті. Ол кезекте ұзақ уақыт тұра алмайтын бізде көпбалалы аналар, жалғызбасты қарттарымыз бар. Соларға көмектесу мақсатында Nur Otan партиясы жанынан волонтерлердің штабы құрылды. Ауылдарына кетпеген жастар біздің волонтерлеріміз белсенділік танытып, қазір көмек қолдарын созып жатыр.
Отандық теміржол компаниясының басшысы ел бойынша өз қызметкерлерін коронавирустан қорғау шараларына 700 млн теңге қарастырып отырғанын мәлімдеді. Елбасының үндеуін қолдаған еліміздегі ірі қорлардың бірі 6 млн медициналық маска сатып алу туралы шешім қабылдады. Олар коронавируспен күресте алдыңғы шепте жүрген Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ішкі істер министрліктерінің қызметкерлеріне таратылмақ. Сондай-ақ осы компанияның қызметкерлері бір күндік жалақысын Елбасының бастамасымен құрылған қорға аудармақ. Бұдан бөлек қор тұрғын үй және коммерциялық мүлікті жалға алу төлемін өтеуді шегерді.