Павлодарлық еріктілер қарияларға қолдау көрсетуде
Бұл қағиданың бос сөз емес екенін Ертіс өңірінің қариялары дәлелдей білді. Бүгінде аға буын өкілдері денсаулығын оңалту мақсатында шағын клуб ашып, қатарластарына көмек қолын созуда. Емдік жаттығуларға арналған спорт клубының 30-ға жуық мүшесі бар.
Жасы жетпіске тақаған Темірболат Нұрмұханов осы спорт клубын 1 жыл бұрын ашқан. Құрметті демалысқа шыққан сәтте қоғамға пайдасын тигізуді ойлайды. Ардагер спортшы бірнеше айлық зейнетақысын жинап, көпқабатты тұрғын үйдің жертөлесін жабдықтапты. Басты мақсаты – басы ауырып, балтыры сыздаған жандарға көмек көрсету.
Темірболат Нұрмұханов, қоғамдық бірлестік мүшесі:
- Көбінесе жасы келген кісілер аурушаң келеді. Соларды ақырын-ақырын емдейміз. Біздің есігіміз бәріне ашық.
Бүгінде мұнда жаттығуға тұрақты келетін 30-ға жуық азамат бар. Солардың бірі – халықаралық дәрежедегі спорт шебері Олжас Мутынов. Ардагер самбошы иығын ауыртып алған соң денсаулығын оңалтуға осында келіпті. Осы жылдың қазан айында Голландияда өтетін халықаралық жарысқа дайындығын жалғастырмақ.
Олжас Мутынов, ардагер-спортшы:
- Үйде жаттығамыз. Жер кепкеннен кейін велосипедпен де жүруге мүмкіндік туады. Бұл жақта бір отбасыдай араласып тұрамыз. Өйткені барлығының бір-біріне деген қарым-қатынасы жақсы.
Әлемді шарлаған коронавирустық инфекция спортшы ардагерлердің жоспарларына да өзгеріс енгізді. Сақтық шарасы ретінде спорт залы уақытша жабылды. Десе де қарттар жаттығуларын таза ауада жалғастырмақ.
Ғалия Қасқабасова, зейнеткер:
- Клубқа бір жыл бұрын келдім. Демікпем болатын. Жүрегім де сыр берген еді. Емдік жаттығумен айналысқан соң, денсаулығым жақсарды.
Спорт клубына зағип жандар да келеді. Олар түрлі шараларды ұйымдастырып, көмек қолын созуға дайын.
Балкен Ибраева, зағип жандар қоғамының мүшесі:
- Зағип жандардың басы-қасында жүргеннен өмір тоқтап қалмайды. Сондықтан біз спортпен айналысып, мәдени шараларға қатысып тұрамыз. Басқа мүгедектерді де шақырамыз.
Облыста «Күміс волонтерлер» атты жаңа қозғалыс пайда болды. Аға буын өкілдері жастардан қалмай, қайырымды істердің басында болуды мақсат етуде.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков, Алексей Омельницкий