Карантиндегі терапия: ермек ерекше флешмобқа айналды
Кино, ұйқы, тамақтанудан бөлек, қиялға ерік беруге әбден болады. Төрт қабырғаға қамалу оңай емес, әрине. Тұрғындар осылайша көңілін көтеруде. Бастысы, ермек көпшілікті ерте алды.
Алматылық Анатолий мен Ксения Сальвадор Далидің туындысын сомдаған. Реквизит ретінде үйдегі бар затты қолданған. Ерекше флешмоб Калифорния штатында пайда болды. Карантинге жабылған музей қызметкерлері желі қолданушыларына әйгілі картиналарды қайталап сомдауды ұсынған. Ал әсерлі сурет лайк санының көп болуына себеп.
Бір қарағанда оңай сияқты болғанымен, шығармашылық ізденісті талап ететін өнер екен. Бірақ өзіңді суретке түсіру – қиын шаруа. Мына жердегі көзқарасты қайталау оңайға түскен жоқ. Көрермендер қошеметі қанаттандырды.
Пабло Пикассо, Леонардо Да Винчи, Сальвадор Дали. Әлемге әйгілі суретшілердің туындылары осылайша жаңаша түрленуде. Үй карантині көпшілікті зарықтырмай, керісінше екінші тынысын ашқан. Қиялға ерік беріп, кейіпкерлерге жан бітіріп жатқан желі қолданушылары қаншама. Бағалап көріңіз. Косплей немесе арт-терапия. Қалай атасақ та, заманауи бастама жастарды жалындатып отырғаны сөзсіз.
Авторы: Мерей Мұратханқызы