Еліміздің барлық аймағында карантин шаралары күшейтілді
Қаулы мәтініне сәйкес облыс әкімдері халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету ұйымдарының қызметкерлерін, медициналық көрсетілімдер бойынша шығатын және кіретін адамдарды, сондай-ақ облыс орталықтарының, қалалардың, аудандардың, ауылдық елді мекендердің аумағынан шығуға және оған кіруге тыйым салуға міндеттеледі. Сонымен қатар аймақ басшылары апаттық-құтқару, жедел медициналық жәрдем қызметтерінің қолжетімділігін және үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуді ескере отырып карантиндік аймаққа кіру/шығу пункттерін айқындауы тиіс.
Қала және аудандар, ауылдық елді мекендер арасында орамдар мен секторларды орналастырып, блок-бекеттер орнатып, карантиндік аймақта жүріп-тұруды шектеуі керек.
Ішкі істер және Қорғаныс министрліктерінің қызметкерлерін тарта отырып, COVID-19-бен сырқаттану тіркелген елді мекендерді қоршау керек деп есептейді.
Қаулы бойынша әуежайдың, теміржол вокзалының, автовокзалдар мен автостанциялардың қызметі тоқтатылып, қалааралық, ауданаралық автобус қатынастарына, сондай-ақ жеке тасымалдауға тыйым салынуы керек.
Екінші деңгейдегі банктер, «Қазпочта» АҚ бөлімшелерінің, айырбастау пунктерінің қызметін онлайн жұмыс режиміне және «клиенттерге дейін жеткізу» қағидаты бойынша көшіру арқылы тоқтата тұруы тиіс.