Елімізде сары майдың қымбаттауына не себеп?
Былтыр келісі 2 мың теңгеден сәл ғана асатын өнім қазір 2800 теңгеге жеткен. Кей қалаларда тіпті 4 мың теңгеге дейін барған. Мұндай баға жыл басында Ақтау қаласында тіркеліпті. Ал ресми статистика бойынша ең арзан май Павлодарда. Солтүстік Қазақстан облысында ақпан айынан бастап жалпы сүт өнімдерінің бағасы 10-15% өскен. Оның ішінде сары май да бар. Кәсіпкерлердің айтуынша, бұған шикізат пен электр қуатының қымбаттауы әсер етіпті. Жалпы теріскейде сүт өнімдерін шығаратын 11 кәсіпорын жұмыс істейді. Олар қаңтар мен наурыз айларының аралығында 600 тонна сары май өндірген. «Бұл жергілікті нарықты қамтамасыз етуге толық жетеді», – дейді мамандар. Алайда оның бағасын бақылауға алу оңай болмай тұр.
Мұрат Нұрқанов, Кәсіпкерлік және туризм басқармасының бөлім басшысы:
– Біз бұл сары майдың бағасына күнделікті, апта сайын мониторинг жасаймыз. Төтенше жағдай кезінде Үкіметпен әлеуметтік маңызы бар тауарлардың 9 түріне шекті баға белгіленді. Сары май сол тізімге кірмесе де, біз мониторингті жасап жатырмыз.
Ал көкшетаулық өндірушілер сары майдың қымбаттауына шикізат тапшылығы себеп болғанын айтады. Өйткені қыс мезгілінде сүт азаятыны белгілі. «Ал 1 тонна май алу үшін 21 тонна сүт қажет», – дейді зауыттағылар. Өндіріс ошағының былтыр жаздан бері жинаған 200 тонна сары майы желтоқсанның ортасында таусылған. Міне, содан кейін бұл зауыттың бәсекелестері бағаны көтеруге көшкен. Айта кетейік, кәсіпорын жылына 700 тоннадан астам сары май өндіреді.
Әсен Жақсылықов, сүт зауытының бас директоры:
– Біз нарықтан кеткеннен кейін баға бірден көтерілді. Себебі үнемі арзан сатуға тырысамыз. Ал шикізат тапшылығы – барлық өндірушілердің басты мәселесі. Айталық, біз өңдеп отырған жалпы сүттің 30% ірі фермалар берсе, қалғаны ауылдардың үлесінде. Ал қыста олардан сүт келмейді. Міне, дефицит те, қымбаттау да осыдан шығады. Біз нарыққа жақында қайтадан кірдік. Енді өзгеріс әкелеміз деп ойлаймын.
Дегенмен жергілікті зауыт осыдан бір апта бұрын бағаны төмендеткен. Қыста келісі 2800 теңгеден сатылса, қазір көтерме құны 2500 теңгенің шамасында. Олар осындай бағада тұрақтандыру қорына да 3 тонна сары май өткізілген. Бірақ бұл да базардағы өнімнің арзандауына аса қатты әсер ете алмай отыр. Себебі өндіруші көп, сұраныс жоғары. Оған қоса алыпсатарлар тағы бар. Көрші Қостанай және Павлодар облыстарында да осындай жағдай. Ендігісі тек жаз шыға сүт көбейсе, сәйкесінше май өндірісі де артып, нәтижесінде баға да реттелер деген үміт қана.
Авторы: Дамир Берікұлы