Мемлекет басшысы Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады
Құрметті отандастар!
Баршаңызды Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтаймын! Бұл мереке қасиетті жерімізді мекендейтін әр адам үшін аса қымбат.
Егемен еліміздегі барлық этникалық топ өкілдері біртұтас Қазақстан халқын құрайды. Біз достық пен ынтымақтың, татулық пен тұрақтылықтың арқасында зор жетістікке жеттік.
Бейбітшілік пен қоғамдық келісім – баға жетпес байлығымыз. Бұл құндылықтар Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Н.Ә.Назарбаев негізін қалаған жаңа Қазақстанның стратегиялық бағыт-бағдарының өзегіне айналды.
Біз бір ел, біртұтас халық болып тәуелсіздігімізді нығайттық. Халықаралық қоғамдастықтағы абырой-беделімізді арттырдық.
Биылғы Бірлік күнінің мән-маңызы ерекше. Бүгінде Қазақстан бүкіл әлемге тараған коронавирус пандемиясымен күресуде. Жаһандық экономикалық дағдарыстың салдарын халқымыз да сезініп отыр.
Біздің бірлігіміз бекем, мақсатымыз ортақ, рухымыз асқақ. Соның арқасында кез-келген қиындықты жеңіп, жасампаздық пен өрлеу жолында жаңа белестерді бағындырамыз деп сенемін.
Сіздерге мықты денсаулық, бақ-береке және толайым табыс тілеймін!