«Хабар» Агенттігі ҰОС ардагерлерін ұлықтайтын жобасын ұсынды
Тұңғыш рет басталған тың жұмыстың мақсаты – Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушылардың есімдерін ел есінде қалдыру. Осы күнге дейін арна сайтына майдан даласынан сыр шертетін мыңнан астам хат пен құнды фотосурет жіберілген.
Бұдан бөлек әлеуметтік желі арқылы да мәліметтер қабылданған. Ал өз атаңыз, әкеңіз не туысыңыз жайлы естеліктерді арна сайты мен эфирге қалай шығаруға болады? Жобаға қатысу үшін қандай талаптарды орындау керек?
Майдангер атаңыз туралы өтінішті жобаға сіз де жібере аласыз. Ол үшін khabar.kz сайтындағы басты беттің оң жақ бұрышында орналасқан «Ұлы Жеңіске 75 жыл» айдарына кіру керек. Сосын арнайы форманы толтыру қажет. Кейін мұнда майданға қатысқан жақыныңыздың суреттері мен естелігін жолдай аласыз. Сонымен қатар әлеуметтік желілерге #АрдагерЕрлігі, #ХабарПомнит хештегтерімен жүктеңіз және телеарна аккаунтын міндетті түрде белгілеуді ұмытпаңыз. «Хабар» арнасы жиналған мәліметтерден 9 мамыр күні қарсаңында бейнебаян, роликтер жасап, эфирге беріп жатыр.
Динара Бисембина, «Хабар» телеарнасының директоры:
- Осы жобаның жас ұрпақты тәрбиелеу үшін маңызы өте зор. Жеңіс күні қарсаңында «Хабарға» Агенттігі «Ардагер ерлігі» жобасын бастады. Бұл жоба сәуір айынан бастап мамыр айында да жалғасады. Бүкіл хатты бағалы мұрағат деп санаймын. Олар осы арна сайтында және YouTube каналында сақталады.
Жобаға хат жолдаған майдангер ұрпақтары енді арна сайтынан аталары туралы мәліметті оп-оңай таба алады. Жоғалып, жойылып кетеді деп алаңдамауына да болады. Осы орайда көрермендер де өз алғысын білдірді.
Арыстанбек Тойымбетов, майдангер ұрпағы:
- Отбасымыздың атынан «Хабар» Агенттігіне алғысымызды білдіреміз. «Ардагер ерлігі» деп аталатын бұл жоба тек майдангерлерге ғана емес, солардың барлық ұрпағына көрсетілген құрмет деп білемін. Осы арқылы біздің де балаларымыз аталарымыздың ерлігін мақтан етеді. Сіздерге алғысым шексіз!
Сайтқа күні бүгінге дейін мыңнан астам хат келіп түсті. Оның 300-ге жуығы мақұлданған. 40-тан астамы «Хабар» телеарнасының эфирінен өтіп, көрерменге жол тартты. Бір айтары, жобаға қатысқандардың атасы немесе әкесі тыл, еңбек ардагері болса, қабылданбайды.
Перизат Саденова, «Хабар» Агенттігі Интернет жобалар дирекциясының бас редакторы:
- Біз сайтқа тек қана Ұлы Отан соғысының ардагерлерін саламыз. Материал толық болуы керек. Фотолары, ақпараты толық болуы керек. Наградаларын, барлығын толықтырып жазған дұрыс.
«Хабарға» Қазақстанның түкпір-түкпірінен әлі де хаттар толассыз келіп жатыр. Бірі атасының, бірі әкесінің, енді бірі бауырының жанқиярлық ерлігін насихаттағысы келеді. Олар ұсынған тарихи құжаттар, сарғайған хаттар мен естеліктер шкаф сөресі мен сандықтан әрі аса қоймаған болар. Бірақ «Хабар» арнасы ұйытқы болған осы шараның арқасында ата ерлігі көпке үлгі боларына ұрпағы сенеді. Өйткені ешкім де, ешқашан да ұмытылмауы тиіс.
Авторлары: Азамат ӘБІЛҚАЙЫР, Жандос Сұлтанғазы