Алматыда жемқорлықпен күресуге арналған онлайн кеңес өтті
Бұл туралы Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өткен онлайн кеңесте мәлім болды.
Қазына қаржысының қолды болмауын қадағалаудың тағы бір жолы – ашық бюджеттердің интерактивті картасы. Ол бойынша енді алматылықтар бюджеттік шығындарды бақылай алады.
Мемлекеттік сатып алу барысындағы тауарлар мен қызметтердің құнын асыра бағалау фактілері «Бірыңғай сатып алу терезесі» ақпараттық-талдау жүйесі арқылы анықталған. Мониторинг нәтижесі бойынша жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті қаражатты үнемдеу туралы тиісті органдарға ұсыныс хаттар жолдаған. Нәтижесінде бұл қаражат басқа мақсаттарға қайта бөлінді.
Нығметжан Сапаров, СЖҚІҚА қалалық департаменті басшысы:
- Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы біздің ұсыныстарымыздан кейін жалпы сомасы 24 млн теңгеге мемлекеттік сатып алу жоспарын қайта қарады. Сондай-ақ Алматы қалалық білім басқармасының 23 млн теңгеге мемлекеттік сатып алу жоспары қайта қаралды. Ал Мемлекеттік кірістер департаменті біздің ұсыныстарымыздан кейін 3,2 млн теңгеге мемлекеттік сатып алуды тоқтатты.
Бюджет қаражатының қолды болмауын қадағалаудың тағы бір жолы – ашық бюджеттердің интерактивті картасы. Карта арқылы алматылықтар бюджеттік шығындар туралы мәліметті біле алады. Картада Алматы қаласындағы 620-дан астам мемлекеттік мекеменің 310 млрд теңге көлеміндегі бюджеті көсетілген. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев мемлекеттік органдардың басшыларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл заңнамасын қатаң сақтауды ескертті.
Елнар Игіліков, СЖҚІҚА қалалық департаменті парасаттылық және превенция басұармасының басшысы:
- Басшылар өзінің қоластындағы қызметкерлеріне жауап береді және өзінің мекемесіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмысын жүргізбесе немесе оның алдын алмаса, ол туралы да жауап береді. Заңға өзгеріс енгізілгенінің себебі жемқорлықпен күреспеу керек, оның алдын алу керек.
Онлайн кеңес қорытындысы бойынша қала әкімі Бақытжан Сағынтаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша кешенді шаралар әзірлеу тапсырды.
Авторы: Гүлжан Көленқызы