Қазақстан коронавируспен қалай күресіп жатыр?
Арқаны кеңге салатын кез емес қазір. Ел Президенті тестілеу көлемін тәулігіне 20-25 мыңға дейін арттыруды тапсырды. Иммуно-биологиялық препарат өндірісін мықтап қолға алу да жүктелді. Медицинаны дамытуға басымдық беріліп, қомақты мемлекеттік қолдау көрсетілмек.
Ал әзірге Денсаулық сақтау министрлігі кеселмен күрестің келесі кезеңі жайлы отандық ғалымдармен кеңесуде. Жалпы Қазақстан, коронавируспен қалай күресіп жатыр?
Индира Жылқайдарова, тілші:
- Кезінде құс тұмауы мүлде тіркелмеген, доңыз дерті дендемеген Қазақстанды өкінішке қарай, коронавирус айналып өтпеді. Ел басына күн туған сәтте, жанкештілікпен күресіп жүрген «мылтықсыз майданның» жауынгерлері – дәрігерлер. Аласапыранмен арпалысқан арда жандардың еңбегін алдын-ала ойластырылған арнайы жүйе ақтады.
Әсіресақтық, тастай тәртіп, шұғыл шара кеселдің кең таралуының жолын кесті. Алпауыттардың өзін абдыратқан пандемия кезінде Қазақстан қарап қалмады.
Мақсат Жақау, саясаттанушы:
- Қазақстан бірден өзінің азаматтарын іздестіріп, чартерлік рейстермен алдыра бастады, ол үлкен шығын шынын айтқанда. Мәселен, Өзбекстан өз азаматтарын кіргізбей қойып жатқанда, біз ең алдымен әрбір азаматымыздың өмірі денсаулығы құнды екенін көрсетіп отырмыз.
Ең алдымен вирус «бұрқ еткен» Қытайдан елге қайтарылды. 28 қаңтарда, 2 ақпанда Уханьнан 83 қазақстандық әкелінді, 5 ақпан Ресей мен Өзбекстан бортымен тағы 8 отандас елге қайтты. 11 ақпан Қытайдың 36 қаласынан 217 азамат оралды.
Эвакуация жалғасады. Қазір 175 мың қазақстандық шетелде, көбі елге қайтпақ ниетте.
Жалпы «тәж тажалының» көрші Қытайға келіп, әлемге ауыз салғанын сарапқа салған Қазақстан 6 қаңтардан әрекетке көшті.
Алдын ала жер-жерде оқу-жаттығу жасалып, шекарадағы өткізу пункттерінде санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау күшейтілген.
Қаңтардың соңында бақылаудың екінші кезеңі басталды. Шекаралардағы санитарлық-карантиндік пункттерге қосымша 150 санэпидемиолог маман жіберілді.
20 ақпанда шұғыл шараның үшінші кезеңі басталды. Елде әлем елдерін инфекцияның таралу деңгейіне сай 3 санатқа саралау әдістемесі енгізілді. 1 наурыз бақылаудың төртінші кезеңінде карантиндік елдер тізімі ұлғайды.
Индира Жылқайдарова, тілші:
- 2 наурыз вирус жағдайында әрекет етудің «Б» жоспары енгізілді. Ел Президенті бірқатар қоғамдық шараға тыйым салды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 11 наурыз коронавирусты «пандемия» деп мойындады.
Ләззат Ақтаева, ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары:
- Санитарлық бақылау пандемияға дейін күшейтілді. Жалпы 3 айда 106 мың ұшақ жолаушыларын тексеруге 123 маман жұмылдырылды. Қатаң қадағалау вирустың сырттан келуін тежеді.
Индира Жылқайдарова, тілші:
- 13 наурыз күні елде коронавирусты алғаш жұқтырғандар анықталды. 3 күн өте төтенше жағдай жарияланды. Алдымен Ресей мен Қытайдың тесттері пайдаланылды. Бірер аптада өз ғалымдарымыздың отандық өнімі қолданысқа енді.
Қазақстан ғалымдары 10 мың талдаманы зерттейтін тест жүйесін әзірледі. Үндістан қызыққан біздің өнімнің бағасы арзан.
Айгүл Әбдірасылова, М.Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ҰҒО жетекші ғылыми қызметкері:
- Өз бағасы 116 мың теңге болып тұр. Ал Германияда шығарылған тест-жүйелер 900 мың тұрады деді.
Қазақстан үш мегаполисте 3 модульдік аурухана салуды ұйғарды. Алматыда 18 күнде 180 орындық, Нұр-Сұлтанда екі аптада 200 жанға шақталған емдеу мекемесі тұрғызылды.
Әрине, Қазақстан тыңнан түрен салған жоқ, көп ел осылай қамданды. «Бастысы біздің ел дер кезінде», – дейді академиктер.
Әлім Айқымбаев, Қазақстанның профилактикалық медицина академиясының академигі:
- Таяу Шығыс елдері, Испания мен Италия шараларды кеш қолға алды. Ал алдын ала қамданған Оңтүстік Корея, Сингапур елдеріне Қазақстанды да толық сеніммен қосуға болады.
Әйтсе де, ойда-жоқта келген вирус кем-кетігімізді де айқындап берді.
Ләззат Ақтаева, ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары:
- Осы заманғы жан сақтау бөлімдері аз, санэпемидемиолог мамандар жетіспейді. Президент кадрлық мәселені шешуді тапсырды.
53 IT жоба жүзеге асты. Дереу Оңтүстік Корея үлгісімен науқаспен байланыста болған адамдардың әр қимылын бағатын сандық мониторинг енгізілді.
Бейбіт Есенбаев, ҚР ДСМ Цифрландыру департаментінің директоры:
- Қазір Қарағандыда, Нұр-Сұлтанда адамдарға қашықтан медициналық көмек көрсету жобалары қолға алынды.
Индира Жылқайдарова, тілші:
- Бұған қоса, Қазақстан енді Силикон алқабының жасанды интеллектін қолданбақ. АҚШ-пен арада келісім бекіді. Жоба мақсаты – коронавирустың таралу деректерін бір сәтте талдап, тиімді әдістерді әзірлеу.
Ерсін Жүнісов, Семей медицина университетінің басқарма төрағасы:
- Науқастың жиналған ақпаратын, яғни қашан ауырды, қандай аурулар болды, қандай технологиялар қолданылды, соны компьютерлік жүйе өзі реттеп береді.
Бүгінде бар күш коронавирустан қорғануға жұмсалып отыр. Бірақ өзге де аурулардан емдеу жіті назарда. Кейбір жұқпалы аурулар азайған. Мәселен, қызылша жұқтырғандар биыл 46% төмендеген.
Диас Ахметшәріп, ҚР ДСМ ресми өкілі:
- Өткен жылға қарағанда, осы жылдың басынан бастап науқас саны едәуір азайған, мүмкін үй карантині себепкер шығар.
Тырп еткізбеген төтенше жағдайда дәрі-дәрмек тасымалына тосқауыл болмады, толассыз жеткізілді.
Биыл дәріге 259 млрд теңге бөлінсе, оның 50% игеріліп, өңірлерге жеткізілген. 39 мрлд теңгеге вирусқа қарсы препараттар алынған.
Шартарапты шырғалаңға салған вирусқа қарсы екпе жасауға отандық ғалымдар да кірісті. Қашан әзірленетіні белгісіз. 3 жыл қажет деген болжам бар.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Болотбек Табалдиев