Панфиловшылардың ерлігіне арналған кітап жарық көрді
Онлайн режимде өткен тұсаукесер шарасына жеті елдің іздеушілері қатысты. Еңбектің авторы – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Ләйлә Ахметова. Ғалым Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан жауынгерлер туралы тарихи мәліметтерді ұзақ жылдар бойы жинапты. Құнды деректер Ресейдің Қорғаныс істері жөніндегі министрлігінің мұрағатынан табылған. «Панфиловшылар: біздің мақтаныш, біздің даңқ» атты туынды Қазақстанның Тұңғыш Президенті қорының қолдауымен басылып шықты. Алғашқы басылым мың данамен шықты. Халықаралық тұсаукесер шарасы соғыс тарихын зерттеумен айналысатын ғалымдар, іздеушілер, мұрағат және музей қызметкерлерінің басын қосты. Ұлы Отан соғысының тарихы Ресей, Қырғызстан, Украина, Өзбекстан, Беларусь елдері үшін ортақ.
Ольга Буракова, Волоколам қалалық округі әкімшілігі басшысының орынбасары:
- Бұл – тарихи-ғылыми еңбек. Ләйлә Сейсембекқызының кітабы аға буын өкілдерімен қатар, келер ұрпақ үшін де аса маңызды. Біздің балаларымыз ата-бабаларымыздың ерлігін білуі тиіс.
Бұл күндері жат жерде ерлікпен қаза тапқан қазақ жауынгерлеріне де тағзым етілуде. Ресейдің Псков облысының еріктілері халықаралық еске алу шарасына атсалысып, бауырлас зираттар мен ескерткіштердің аумағын ретке келтіруде. Соғыс жылдары Невель қаласында кескілескен шайқастар болғаны белгілі. Ертіс өңірінің тумасы, Невель қаласының бірінші коменданты Әбілқайыр Баймолдиннің ескерткіші де осында. Мұнда Кеңес Одағының батырлары, пулеметші Мәншүк Мәметова мен снайпер Әлия Молдағұлова ерлікпен қаза тапқан.
Алексей Тарчевский, Невель қаласы гимназиясының 10-сынып оқушысы:
- Әбілқайыр Баймолдин Мәскеу түбіндегі шайқастарға қатысқан. Қазақ жауынгерінің Кеңес Одағының батыс аймақтарын азат еткенін білеміз. Әбілқайыр атамыз аты аңызға айналған 100-ші атқыштар дивизиясының командирі болды. Батырларымыз 1943 жылы Невельді азат етті.