Өскеменде әлемнің әр түкпірінен 30-ға жуық әскери техника жиналды
Қазір тарихи жәдігерге айналған ондай көліктерді жергілікті автоқұрастыру зауытының мамандары әлемнің әр түкпірінен жинап, қайта жарақтаған.
Нәтижесінде жыл сайын өтетін Жеңіс парадында қазіргі қорғаныс саласындағы техникалармен қатар көпішілік назарына ұсынылып келеді.
Атақты «ГАЗ-А» автокөлігі. Соғыс кезінде майданда ерекше маңызға ие болған жүк көліктерінің бірегейі. Адам тасымалдап, жүк тиеліп, қару-жарақ та артты. Өскемендік автоқұрастыру зауытының мамандары оларды соңғы 15 жылда жинаған. Тек техникалар емес соғыс кезінде қолданылып, бүгінде жәдігерге айналған артиллериялық қарулар да бар.
Олжас Керейхан, тілші:
- Бұл қоймада коллекция ретінде жиналған әскери техникалар соғысқа дейін және соғыс кезінде шығарылған. Әрқайсысының өзіндік тарихы бар. Мәселен, мынау әйгілі катюша «Студебекер». Бұл техниканың әрбір ұсақ бөлшегіне дейін түпнұсқада сақталған. Қазір де жүріп тұр.
Көне көліктердің сыры кеткенмен сыны кетпеген. Барлығы да XX ғасырдың басында шығарылған. Әлемнің әр елінен әкелінген соң, автозауыт мамандары сыртын өңдеп, қосалқы бөлшектерін жөндеп, жүргізіп қойды. Ал әр көліктің техникалық құжаты жасалып, тарихы жеке журналға жазылады.
Қазір бұл қоймада отызға жуық көлік бар. Солардың ішінде тарихи жағынан ең құндысы ВТ-7 және Т-34 танкілері. Екеуі де екінші жиһан соғысы кезінде майданда ерекше маңызға ие болды. Мамандар Т-34 танкін өткен жылы Мәскеу маңынан батпаққа батып жатқан жерден әкеліп, толық жөндеді. Қазір от алып, жүріп тұр.
Тек Кеңес Одағы елдерінде емес, Еуропада шыққандары да бар. Маркасына сәйкес жылдары да әр түрлі. Зауыттағы мехниктер әскери техникалардың әр бөлшегін тұпнұсқада сақтауға тырысады.
Дмитрий Добродеев, автозауыт маманы:
- Біз әр техниканың түпнұсқада болғанын қалаймыз. Әр ұсақ бөлшегіне дейін өзінікі болғаны дұрыс. Әрине, жаңасын салу қиын емес. Бірақ әр техниканы көрген адам оның түпнұсқа екеніне көзі жетуі керек. Бұл көліктер сонысымен құнды. Сол жағынан ерекшеленіп тұрады.
1940 жылдары ел арасында «ағаш шанақты» аталып кеткен мына жүк көлігімен қоршауда қалған ленинградтықтарға азық-түлік тасымалдап, 89 мың адам эвакуацияланған. Соғыстан соң Украина жерінде 50 жылға жуық батпаққа батып жатқан жерінен табылды. Өскемендік коллекционерлер алып келіп жөндеп, өңдеп қойды. Қазір жүріп тұр.
Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин