Павлодар облысының экономикасын қалпына келтіру жөніндегі жоспар қабылданды
8 мыңға жуық объектіде жұмыс істейтін 22 мыңға жуық азамат жұмысқа кірісті. Бүгінде шаштараз, тіс емханалары сияқты ұйымдар ашылды. Биыл мыңнан астам кәсіпкер қолдау алды, ілкімді жобалар тізімі әзірленген.
Елена Стулова, шаштараз жетекшісі:
- Телефонға дамыл жоқ. Таңертеңнен бері келушілерді қабылдап жатырмыз. Жұмысымызды сағынып қалдық. Енді санитарлық нормаларды сақтап, кестеге сай жұмыс істейміз.
2020 жылы тұрғын үй құрылысы саласында рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізілмек. Биыл 346 мың шаршы метр қолданысқа беріледі. Нәтижесінде 2 200-ден астам адам үйлі болмақ. Бұл – сәйкес кезеңге қарағанда 10 есеге артық көрсеткіш. Бүгінде аймақта 27 мыңға жуық адам пәтер кезегінде тұр. Олардың 6 мыңнан астамы – Екібастұз тұрғындары. Қазір оннан астам нысанның құрылысы жүріп жатыр. Нәтижесінде мың пәтер салынып, кезекте тұрғандардың 15% баспаналы болады.
Исламбек Күлтұманов, құрылыс фирмасының басшысы:
- Қазір 9 қабатты төрт үйдің құрылысын бастадық. Бір кешен бой көтереді. Құрылыс аяқталған соң баспаналардың аумағы да абаттандырылады. Жуырда тағы 6 үйдің құрылысы басталды. Бұл игілікке 4,3 млрд теңге бөлінді. Жұмыс сапасына кепілдік береміз.
Биылдан бастап мердігер ұйымдардың жұмыс сапасы басқаша бағаланады. Кешенді жұмыс аясында бюджет қаражатының жұмсалуы бірнеше кезең бойынша бақыланады. Негізгі шаралардың бірі – «эксроу» шотын ашу. Мердігер мемлекет ақшасын осы есепшотта ғана ұстайды. Сәйкесінше дұрыс ұқсатады.
Әбілқайыр Сқақов, облыс әкімі:
- 2020 жыл Павлодар облысы үшін құрылыс жұмыстарының жақсару жылына айналу керек. Жыл соңында жауапты мердігерлер пулын қалыптастырамыз. Осылайша сапалы жұмыс атқаратын ұйымдармен ғана жұмыс істейміз. Басты мақсатымыз – бюджет қаражатын тиімді жұмсау.
Ал агроөнеркәсіп саласы үш бағытта дамытылмақ. Ол – суару, сүт және ет өндірісі. Нәтижесінде өсімдік шаруашылығының жылдық жалпы өнімі 450 мың тоннаға артуы тиіс. Суармалы егістік алқаптары 18 мың гектарға ұлғаяды. Сонымен қатар 5 мың ірі қараға арналған сүт-тауарлы ферма мен 9 мың малға шақталған 3 бордақылау алаңы бой көтереді. Бұл – бұрын-соңды болмаған көрсеткіш.
Туризм саласы да басты назарда. Осы жылы Баянауыл ауданының демалыс нысандарының барлығына техникалық аудит жүргізілмек. Туристік өлкеде 30 шақырымға жуық жол жөнделіп, тынығушылардың қатары 300 мыңға жетпек.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков және Алексей Омельницкий