ШҚО-ға қарасты ауылда ауызсу құбырының 90% астамы тозған
Оның кесірінен ауыл-аймақтың аяқасты тіршілік нәрінсіз қалатын күндері көп.
Мәселен, Барашки ауылындағы тұрғындар: «Осы жаз басталғалы бері 3 рет су құбыры жарылып, әуреге түстік», – дейді. Әбден қиналғанда тіпті іргеден өтіп жатқан Ертістің суын қайнатып ішеді екен.
Біз барған кезде ауылға тартылған су құбырынан кезекті ақау шығып, тұрғындар судан қағылып отыр екен. 3-4 күннен бері осылай жүрміз деген олар еріксіз Ертіс жағалап, су тасуға көшіпті. «Өйткені мал-жанымыз қаталап, бақшамыз кеуіп барады», – дейді. Ал өзге ауылдан әкеп таратқан су жетпей жатыр.
500-ге тарта тұрғыны бар ауыл осы Ертістің жағасында тұрады. Алайда өзенге тиіп тұрса да, суға жарымай отыр. Ауылдықтар лас болса да, өзен суын бақшаға да, малға да, тіпті кейде өздері де ішуге мәжбүр.
Ағын суда арамдық жоқ, дегенмен қазір сай-саладан еріген қар суы қосылған өзен біршама лайланып тұр. Санитарлық жағдайы туралы сөз айту қиын.
Галина Беляева, ауыл тұрғыны:
- Еккен көшеттерімізге обал. Малымыз да қорада қаталап тұр. Ол тұрмақ, мінеки, өзіміз де тұнық жерінен алып, қайнатып ішеміз.
Нина Федорованың Ертіске баратын шамасы жоқ. Сексеннен асқан қарияға тіршілік нәрін көрші-қолаңы жеткізіп береді. Айтуынша, оның үйімен қоса 20 шақты аулаға су құбыры мүлдем тартылмай қалыпты. Сондықтан ол қысы-жазы «Кім су әкеп берер екен?» деген үмітпен отырады.
Нина Снопченко, ауыл тұрғыны:
- Ауылдың бәріне құбыр тартқан кезде дәп осы біз тұратын Абай көшесі ұмыт қалды. Тек күш-қайратымыз бар кезде ғана керек екенбіз. Қазір, міне, керексіз боп қалдық. Бұрын ағашты да, көмірді де өзім тасушы едім. Жарты жыл болды, міне, күйім келмей қалды.
Жабыққан жұрт қажытқан мәселенің түбегейлі шешілгенін қалайды. «Қарапайым қажеттіліктерден тарықпасақ», – дейді.
Мәдениет Қадырбаева, ауыл тұрғыны:
- Малды суаруға да, кір жууға да, бақшаға да су керек. Біз зейнеткерміз. Сөзіміз ешкімге өтпейді.
Жалпы округте ауызсу мәселесі күн тәртібінен түспей келеді. Биыл сүзгі станциясын жөндеу үшін 91 млн теңге бөлініпті. Су құбырының 90% астамы тозып тұрғанмен, дәп осы Барашки ауылындағы құбыр жаңа екен. Салынғанына 5 жыл ғана өтіпті. Алайда жер қыртысының тау-тасты болуы салдарынан пластикалық құбыр шыдас бермей жатқан көрінеді. Оның үстіне қосалқы агрегат та жоқ екен.
Татьяна Моисеева, Первомай ауылдық округінің әкімі:
- Жер бедері тау-тасты. Сондықтан қазіргі пластикалық құбырлардың тез тозып жатқаны рас. Оның үстіне ақау шыққан жағдайда қосымша қосыла қалатын агрегат жоқ. Құбырдың жартысы өзен астымен өтіп жатыр. Жартысы құрлықта. Ақау шыққан жерді тауып, жөндегенше тұрғындар осылай қиналып қалады.
Біз түсірілімнен келгеннен күннің ертеңінде Барашки ауылының тұрғындары «ауылға су берілді» деп қуанышпен хабарласты. Ақау жөнделіпті. Алайда бұл қуаныштың қашанға дейін созылары белгісіз.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин