Ақмола облысының сүт зауыттарында шикізат тапшы
Жалпы қазір өңірде сүт өңдейтін 15 зауыт бар болса, бүгінде олардың жүктемесі орташа есеппен 53% қана.
13 жылға жуық жұмыс істеп тұрған Есіл қаласындағы бұл зауыт бір ауысымда 20 тонна сүт өңдей алады. Алайда қазір ол тәулігіне 1 тонна ғана өнім өңдеп, небәрі 8% жұмыс істеп тұр. «Жығылғанға – жұдырық» демекші, карантин кезінде сатылым да 30% төмендеп кеткен. Зауыт басшылығы өндіріс ошағын сақтап қалу әрі өздерін шикізатпен қамтамасыз ету үшін енді фермерлерге де қол ұшын созуға дайын екендігін айтады.
Валерий Хайнаков, сүт зауытының директоры:
- Біз жас фермерлерді зауытқа сүт өткізуі үшін шамамыз келгенше жан-жақты қолдауға тырысамыз. Құжаттарын рәсімдеуге, қарызға сиыр сатып алуға және құқықтық кеңес беруге көмектесеміз. Бастысы сүт өндірсе болғаны. Бірақ қазір мал шаруашылығына келіп жатқан адам өте аз.
«Ауданда бірнеше сиыр сауатындар жоқтың қасы», – дейді зауыт директоры. Мәселен, кәсіпорынның күнделікті өңдейтін 1 тоннадан астам шикізатының 200 литрдейі ғана маңайдағы ауылдардан жиналса, тоннаға жуығы көрші аудандағы шаруашылықтан сатып алынады. Ал жергілікті халық неге мал ұстауға құлықсыз? Тәжірибелі фермер Бейсенбек Зинатбектің айтуынша, қазір қарапайым ауыл тұрғындарына ата кәсіппен айналысу оңай болмай тұр.
Бейсенбек Зинатбек, жеке кәсіпкер:
- Жемнің тоннасы – 50-60 мың. Шөбінің өзі қымбаттап кетті. Сондықтан жаңадан мал ұстаймын дегендерге қиындықтары көп. Үкімет қолдап жатыр.
Сонда бір сиырға 100 мың теңгенің жем-шөбі кетеді. Оған есіл еңбекті қосыңыз. Мұндай бейнеті көп шаруаға екінің бірі бара бермейді. Ал Ауыл шаруашылығы басқармасындағылар: «Шикізат тапшылығы – қалыпты жағдай», – дейді.
Димаш Таласбаев, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Жаз кезінде біздің сүт өңдеу зауыттарының кейбірі тіпті 100% дейін жұмыс істейді. Ал қыста жүктемесі төмендейтіні рас. 40, 30, 20% жұмыс істеп тұратыны жасырын емес. Себебі қыстыгүні сүт азаяды. Сондықтан бұл – табиғи жағдай.
Дегенмен жауаптылар мұндай мәселенің бар екенін әрі оны іргелі шаруашылықтардың есебінен шешуді жоспарлап отырғандықтарын жасырмады. Айталық, биыл әрқайсысы кемінде 1000 бас сауынды сиыр ұстайтын 4 ірі ферманың құрылысы басталмақ. Одан бөлек аудан әкімдіктеріне елді мекендерде мал басын көбейту тапсырылыпты.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко, Анатолий Полянный