Ішкі туризм: Ел ішінде саяхат жасаудың түйткілді мәселелері
Елімізде туристер үшін тартымды бірегей табиғи орындар аз емес. Соның бірі – Қостанай облысындағы Науырзым қорығы. Алайда өңірлермен арадағы көлік қатынас жүйесінің дұрыс жолға қойылмағандығы ел ішінде саяхат жасау мүмкіндігін шектеп отыр.
Науырзым қорығының музейі. Мұнда жергілікті тұмса табиғаттың бай әлемі барынша көрініс тапқан. Ал енді жабайы табиғатқа жақын болғыңыз келсе, қорықтың көрікті жерлерін көзбен көріп, тамашалауға болады. Биыл туристер үшін топырақ бедері ерекше Тірсек орман алқабына жаңа бағыт ашылды.
Қанат Батырханұлы, Науырзым мемлекеттік табиғи қорығы директорының орынбасары:
- Оған бара жатқан жолда Түркебай әулие бейітіне тоқтаймыз. Сол жер біздің халық үшін киелі болып саналады. Ол жерде құдық бар. Құдықтың суы емдік болып саналады. Әрі қарай Тірсек орманшылығына барып, қонатындай жағдай жасап жатырмыз.
Тірсектің ақшыл, қызғылт түсті сазды төбешіктері ерекше көз тартады. Бейне бір Марс ғаламшарына тап болғандайсың. Бұл жерде бұрын теңіз болғандығына әр жерде тас болып қатқан теңіз маржандары мен ұлу қабыршықтары дәлел. Қысқасы қорық қызметкерлері қонақтың қалауына қарай осындай алуан ландшафты атпен, көлікпен аралатып, көрсетуге даяр. Сақтық шараларына да барынша мән берілген.
Дулат Қойлыбаев, Науырзым мемлекеттік табиғи қорығының директоры:
- Санитайзерлер, қорғаныс заттарын сатып алдық. Термометрлерге қажетті қаржы бөлінді. Сезік тудыратындай жайттар туындап жатса, бірден әрекет ету жағдайын қарастырып қойдық.
Былтыр Науырзым қорығында 1,5 мың адам демалып қайтқан. «Туристер санын еселеп арттыруға болар еді. Оған негізінен көлік логистикасының дұрыс дамымағандығы кедергі», –дейді турфирма өкілдері.
Гүлмира Қапенова, туристік фирма құрылтайшысы:
- Бізде өз өңірлерімізде саяхат ұйымдастыру қиын. Өкінішке қарай көлік қозғалысы тек орталық арқылы өтеді. Яғни оңтүстіктен, шығыстан келетіндер алдымен елордаға баруға мәжбүр. Қостанайлықтарға қазір Ресейдің Челябі мен Түмендегі демалыс орындарына жету жеңілірек.
Тағы бір мәселе, Қазақстанда топтық турлар үшін көлік тасымалында ешқандай жеңілдіктер қарастырылмаған.
Гүлмира Қапенова, туристік фирма құрылтайшысы:
- Еуропада, мысалы Италияда мектеп оқушылары өз елін еркін аралап, тарихымен танысады. Балалар тобы үшін оларда автобус, әуе тасымалына қомақты дотация бөлінеді. Біздің Үкіметте осындай тәжірибені енгізу жағын ойластыруы керек.
Ал әзірге Науырзым қорығының қызметкерлері тақырыптық туризм ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Арнайы орындарда сирек кездесетін аң-құстарды сырттай бақылауға болады.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг