Ертіс өңірінің жас ғалымдары антисептик өндірісін іске қосты
Мысалы Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің жас ғалымдары пандемия кезінде залалсыздандыру құралдарына тапшылық болған сәтте қарап қалмады. Бүгінде олар шағын өндірісті қолға алып, ЖОО өніммен қамтыды. Антисептикті әзірлеуде қолданылатын негізгі компонент ретінде сот шешімімен тәркіленген спиртті қолданған. Жастардың тағы бір тобы антибактериалды жарықшам жасап, құрылғыны нарыққа шығарған.
Жас ғалымдар антисептиктердің алғашқы партиясын осы зертханада жасады. Өнімді әзірлеу үшін заңсыз сатылымнан алынған және жойылуы тиіс спирт кәдеге жарады.
Мәдениет Елубай, С.Торайғыров атындағы ПМУ Химия және химиялық технологиялар кафедрасының меңгерушісі:
- Бұл спирт өнімдерін сәйкестікке тексеріп, өз лабораториямызда антисептик жасадық. Бұл антисептикті әкімшілік, университет шешімімен қолданысқа жібердік. Өндіріс барысында қосымша компоненттерді, түрлі ароматизаторларды өзіміз енгіздік.
Ақмарал Есімханова, тілші:
- Глицерин, сутегінің асқын тотығы, дистельденген су және спирт. Антисептикті жасау әдісі қарапайым. Ең бастысы, ДДСҰ рецептурасына сәйкес болғаны. Бүгінгі күнге дейін университеттің бұл зертханасында осында құралдың мыңнан аса литрі өндірілді.
«Элит» өнімі Ұлттық сараптама орталығының сәйкестік сертификатына ие. Жас химиктердің қолында антисептик қауіпсіздік талаптарына сай деген құжат та бар. Қазіргі уақытта университеттің оқу корпустарында осы өнімнен жасалған санитайзерлер орнатылған.
Дмитрий Снопков, студент:
- Өнімді жасау үшін материал жетерлік. Университетті қамтуға жетеді. Болашақта өнімділік қуаттылығын арттырып, нарыққа шығарғымыз келеді. Этил және изопропилді спиртті қолданамыз. Қолды залалсзыдандыру кезінде терге зиян келмес үшін глицерин қолданамыз. Ал сутегі асқын тотығы антисептиктің қолданыс мерзімін ұзартады.
Ал философия докторы Александр Нефтисов карантин кезінде ауаны бактериялар мен вирустан тазартатын жарықшам ойлап тапты. Бүгінде құрылғының 20-дан астам данасы сатылып кеткен. Жас ғалым шамды шығаруға құқық беретін куәлікке де қол жеткізген.
Александр Нефтисов, PhD докторы:
- Бұл –бактерицидті рециркулятор. Құрылғыға орнатылған бактерицидті шамның көмегімен ауаны тазартамыз. Өте қолайлы әрі энергияны үнемдейді. Бұл жарықшам шамамен 8 ватт тұтынады, ал шамның өзі 3 ваттан көп қуат тұтынады. Қазіргі уақытта Өскемен және Нұр-Сұлтан қаласының кәсіпкерлерінен тапсырыстар түсуде.
Болашақта ЖОО жанынан еңбекқор студенттерге арналған өндірістік алаңдар құрылады. Бұл жерде жас ғалымдар мен өнертапқыштарға бар жағдай жасалмақ.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков, Алексей Омельницкий