Нұр-Сұлтандағы қоғамдық жерлерде қауіпсіздік ережелері сақталмайды
Осы себептен болар, індет жұқтырғандардың қатары артып келеді. Сондықтан біздің арнаның түсірілім тобы елордадағы халыққа қызмет көрсететін мекемелер, сауда орындары мен қоғамдық көліктерді арнайы аралап, осы сақтық шараларының қаншалықты сақталғанын тексерді.
Міне, елордадағы сауда үйлерінің біріне келдік. Бұл жерде адамдардың маскасының бар-жоғын, дене қызуын өлшейтін қызмкеткерлер көрінбейді. Әуелі адам қарасы көп-ау деген базар, сауда үйлерін араладық. Сатушылар жаппай маска таққан. Әрлі-берлі жүрген халық арасында бетперде кимегені бірді-екілі ғана. Ал ХҚКО-ға тіпті санаулы адам ғана кезекпен кіреді. Қорғаныш құралынсыз аттап басуға рұқсат жоқ.
Наурыз соңында төтенше жағдай салдарынан 28 елмен пошта байланысын үзген «Қазпошта» бөлімшелері мамырдың басынан жұмыстарын толық жандандырды. Олар ережені толық сақтап жұмыс істеуде. Қара кешке дейін істейтін байланыс қызметкерлері де кезекпен кіру режимін енгізген. Санитарлық нормалар талапқа сай. Әйтсе де, көшелерде күннің ыстығынан маскасыз жүргендер аз емес.
Адам көп шоғырланған жерлердің бірі – аялдамалар. Автобустарда жолаушылардың жайын арнайы мамандар жиі тексереді. Халықтың сығылысып мінуі әлі толық шешілмей тұр.
Индира Жылқайдарова, тілші:
- Міне, автобустардағы қимыл-қозғалысты бақылап келдік, бір-екі аялдама жүріп өттік. Мұнда бір метр адамдардың арасында арақашықтық сақталмаған, яғни автобустың ішінде 50 емес, 100% жолаушыға толық. Бір-біріне тым жақын отыр, біреулерінде маска бар, біреулерінде жоқ.
Қоғамдық көлік қызметі 12 мамырдан бастап жұмысқа кіріскені мәлім. Содан бері елордада 420 мың жолаушы әр жерге қатынаған.
Бауыржан Сейітов, «City Transportation Systems» компаниясы басқарма төрағасының орынбасары:
- Күнде мониторинг жасаймыз. Кей автобустар бойынша жүру кестесін өзгертуге тура келеді, себебі адам көп отырады. Жүру жиілігін ұлғайтып, автобус санын көбейтеміз.
Ал маска кимегендерге автобусқа кіруге рұқсат жоқ, тіпті жүргізуші кез келген жерден түсіріп кетуге құқылы.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Нұрлан Малгелді