Түркиядан келген 702 жолаушы ПТР тест тапсыруы тиіс
Соған байланысты өткен үш тәулікте Түркиядан елге 905 жолаушы ұшып келген. Жалпы қазір Қазақстан сырт елдерді үш категорияға бөліп отыр. Оның біріншісі – Жапония, Таиланд, Оңтүстік Корея, Грузия және Қытай. Бұл елдерге бару-келуде ешқандай шектеу жоқ. Жолаушылар коронавирусқа тест тапсыруға міндеттелмейді. Екінші категория – Түркия. Анадолыдан келген жолаушыларда коронавирустық инфекцияның жоқтығы туралы анықтама болуы тиіс немесе оны ұшып келген соң 48 сағат ішінде тапсыруы керек. Үшінші категория – рейстер әлі ашылмаған, яғни ұшуға тыйым салынған елдер. Еліміздің көліктегі Бас санитар дәрігері Сәдуақас Байғабылов қазақстандықтарды 1 қазанға дейін сырттағы жұмыстарын бітіріп қайтуға кеңес береді.
Сәдуақас Байғабылов, көліктегі Бас санитар дәрігері:
- Әуе қатынастары қайта жанданып жатыр. Осы ретте қазақстандықтарға айтарымыз, шетелге іссапар не демалыс жоспарласаңыз, қазан айының басына дейін елге қайта оралатындай етіп қарастыру керек. Себебі салқын түсе маусымдық вирустық аурулар көтеріле бастайды. Соған байланысты коронавирустық пандемия да өрши түсуі мүмкін. Соған орай қауіпсіздік шаралары күшейтілсе, біздің азаматтар шетелде қалып қоймауы керек.