Қызғылт көл Көбейтұзға қауіп төнді
Есесіне Ерейментау ауданындағы қызғылт түсті көлге барушылардың саны күрт өсті. Көбейтұздың танымалдығы артқан сайын оған төнер қауіп те ұлғая түсті. Өйткені көлдің бірегей экологиялық жүйесін қорғау механизмі әлі қарастырылмаған. Қызғылтым түсті Көбейтұз көлі жайлы көпшілік былтыр ғана біле бастады. Содан бері көз қызықтырар көріністер әлеуметтік желіде жиілеп кетті. Бірақ көлдің реңі үнемі осындай бола бермейді.
Бақыт Топтаева, тілші:
- Арнамыздың түсірілім тобы бүгін қызғылтым емес, ақ түсті көлге тап болды. Сөйтсе, Көбейтұз көлінің түсі ауа райына қарай құбылады екен. Әдемі фотосурет жасап, көлді тамашалағыңыз келсе, онда бұл жерге күн ыстықта келу керек. Байқағанымыздай, көл сәл тартылған екен. Бірақ назарымыз өзге нәрсеге ауды. Жағалауға жақын маңда шүңірейген мынадай шұңқырлар көп. Осында келген халық емдік қасиеті бар деп қара батпақты қазып алады. Алайда бұл көлдің экологиялық, биологиялық жүйесін бұзады. Бір сөзбен айтқанда, мұндай шұңқырлардың орны тез тола қоймайды. Осылай жалғаса берсе, көлдің бірегей түсі бірте-бірте жойылуы мүмкін. Негізі жергілікті әкімдік арнайы қаулы шығарған. Осыған сәйкес бұл жердің тұзы мен батпағын алуға болмайды. Алайда мұны қадағалау қиын. Өйткені көлді қызықтағысы келетіндердің саны күннен-күнге артып барады. Демалыс күндері бұл жерге 500-ге жуық адам келеді екен.
Әсия Сейітәлиева, туристік компания гиді:
- Негізінен біз көлдің қызғылт түске бөленуі жайында түсіндіреміз. Әсіресе қатты ыстық болған жылдары «дуналиелла» деп аталатын балдыр шамадан тыс көбейеді екен. Сол кезде микробактерияларды түзеді. Дәл осы бактериялар қызғылтым реңк береді.
Пол Оливер, Ұлыбритания азаматы:
- Бұл жерге тұңғыш рет келуім. Өте көрікті екен. Ұлыбританияда мұндайды кездестірмейсіз. Көлге жақындай түскенде, оның қызғылтым түске боялатынын анық көруге болады. Тамаша әсер алдым. Айналада ағаш та жоқ. Сондықтан құдды бөгде планетада жүргендей күй кешесің.
Ал жергілікті тұрғындар тұзды көлді бұрыннан біледі. Бөгенбай батырдың ұрпағы, Жылқыбайдың баласы Көбейдің жайлауы ретінде ертеден танымал. Көл атауының тарихы осыдан шығады. Айта кетерлігі, қызғылт түске боялатын бұл жалғыз ғана көл емес. Павлодар облысындағы Коряковка көлі де дәл осындай қасиетке ие.
Сайлау Байбосын, жергілікті тұрғын:
- Бұл жерде тұзды көлдер көп. Мына жерде Ойнақтың соры деген сор бар. Соның ар жағында Ақмола облысының маңында тағы осындай үлкен тұзды жер бар. Халық емделеді. «Жамантұз» деп аталады.
Емдік қасиетімен белгілі Көбейтұз көліне шомылу мүмкін емес. Тым таяз. Дегенмен әсем сурет үшін келгісі келетіндер саны артпаса, кемімейтіні мәлім. Осы ретте жергілікті әкімдік арнайы қоқыс жәшіктерін қойған. Алайда көл маңын күтіп баптайтын ешкім болмағандықтан, тазалық пен тәртіпті қадағалау оңайға түспейді.
Авторы: Әділғазы Төлеміс