Жамбыл облысына коронавирус пен пневмонияға қарсы дәрі-дәрмек партиясы жеткізілді
Бұл мәселе облыс басшылығының тұрақты назарында, деп хабарлады Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Айталық, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы «СК-Фармация» ЖШС-нің өңірдегі өкілдігімен бірлесіп, жетіспеушілік туындап отырған дәрі-дәрмек бойынша өтінім жіберген. Нәтижесінде 9-11 шілде аралығында 98 млн 383 мың теңгеге дәрі-дәрмектің ауқымды партиясы жеткізілді. Олар пневмония және COVID-19 вирусын емдеуге арналған.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов атап өткендей, препараттар облыстық ауруханаларға үлестірілген.
Қазіргі таңда дәрі-дәрмек аудандық медициналық мекемелерге жіберілуде. Жеткізілген дәрі-дәрмектің қатарында антибиотиктер (1300 ампула), антикоагулянттар (2585 ампула), витаминдер (45,170 ампула), дексаметазон (1850 ампула) бар.
«Бұдан бөлек, бірер күнде дәрі-дәрмектің жаңа жеткізілімі күтіліп отырғанын айтқым келеді. Біз 700 миллион теңгеге қосымша өтініш жібердік», – дейді Марат Жұманқұлов. Оның айтуынша, дәрілер дәріханаларға да жеткізілмек.
«Ірі дәрі-дәрмек жеткізушілерімен тауарларды уақтылы жеткізіп отыру бойынша келісімшарттар жасалған. Мәселен, бүгінде «Әмір және Д» дәріханаларына 100 млн теңгеден астам қаржыға дәрі-дәрмек әкелінген», – деді М.Жұманқұлов.
Басқа дәріханалар да қажетті препараттармен қамтамасыз етілетін болады.