Сақ қорғандарынан биыл 800-ден астам жәдігер табылды
Тарихшылардың болжауынша, қазба жұмыстары нәтижесінде шыққан заттардың бәрі сақ дәуіріне тиесілі.
Қазба кезінде түрлі аң бейнесінде құйылған жәдігерлер мен таза алтыннан жасалған ат әбзелдерінің әшекейлері шыққан.
Аймақта археология саласын зерттейтін арнайы бағдарлама өз нәтижесін беріп жатыр. Археологтар Әбдеш Төлеубаев пен Зейнолла Самашевтың жетекшілігмен құрылған экспедициялық топ үздіксіз жұмыс істеп келеді. Ұлттық тарихымызды толықтырып түгендейтін талай жәдігер табылды.
Олжас Керейхан, тілші:
- Соңғы төрт жылда тек Елеке сазына жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде 20 мыңнан жоғары құнды жәдігер табылса, биылдың өзінде 800-ден аса зат шықты. Олардың әрқайсысы бір-біріне ұқсамайды. Мысалы мынадай бұлт үстіндегі бұғы, жыртқыш аң бейнесіндегі салпыншақтар. Олардың бәрі де таза алтыннан жасалған.
Арехологтар осыған дейін табылған бұйымдарға қарап, сол замандағы шеберлердің алтынды иегеру технологиясын ерекше меңгергеніне таңғалып отыр. Зергерлер диагоналы 1 мм болатын алтын моншақтарды тесіп, киімдерді әшекейлеген. Осы саркофактар қазақ даласында ғажайып дала өркениетінің негізі қалыптасқынанына дәлел. Бірақ сақ қорғандарының көбі тоналған.
Әбдеш Төлеубаев, тарих ғылымдарының докторы, археолог:
- Мұның барлығы – патша отбасының құрамындағы дүние. Бірақ ортасын толығымен тонап кеткен, егер сыртындағы зат осындай бай болса, сонда патшамен бірге көмілген заттың тіпті керемет болғанын болжап айтуға болады.
Алтынмен апталған артефактілердің барлығы облыстық тарихи-өлкетану музейіне табысталды.
Бақыт Сабырбаева, облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері:
- Қазіргі таңда бұл – біздің қорымыздың аса құнды жәдігерлерінің бірі. Барлық құжаттық жұмыс рәсімделді. Енді әрі қарай жәдігерлерді өзіміздің музейдегі экспозицияларға қойып, көрерменге тамашалауға мүмкіндік береміз.
Осы археологиялық қазбалар кезінде табылған жәдігерлер ғылыми айналымға түсіп жатыр. Енді ғалымдар «Алтын адам» ұғымын әлем тарихына енгізіп, ЮНЕСКО-ның құнды жәдігерлері тізіміне қосуды көздеп отыр.
Авторлары: Олжас Керейхан, Жігер Бабаханов