Мемлекет басшысы Қостанай облысына жұмыс сапарымен барды
Егінге орақ түсті, күн райы қолайлы болса, енді он күннен соң күзгі жиын-терім толығымен аяқталады. Тобыл – Торғай өңіріне жұмыс сапарымен барған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев егіс алқабына арнайы ат басын бұрды.
Президент диқандармен тілдесті. Биылғы егін ору науқанының барысымен танысты. Сондай-ақ жергілікті кәсіпкерлермен кездесіп, осындай қиын шақта көмектің еш кемімейтінін айтты.
Мыңдаған балмұздақ, тонна ірімшік пен кілегей. 120-дан астам сүт өнімі күн сайын Қостанайдан Қазақстанның түкпір-түкпіріне жөнелтіледі. Бәлкім сізге де таныс, «Новый день» сауда маркасының өнімдері осы жерде шығарылады.
Осы зауыттан шығатын өнімнің 30% Ресейдің шекаралас аймақтарына экспортталады. Сүт облыстағы 12 мыңнан астам жеке шаруа қожалығынан сатып алынады. Президент келмес бұрын кәсіпорынның жұмысымен егжей-тегжейлі танысып алғанын айтты. Анықталғандай, Президентті тек зауыт емес, онда жұмыс істейтін адамдардың өмір жолы да бейжай қалдырмаған.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мен сіздің бұл кәсіпке келмес бұрын дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болғаныңызды білдім. Сіз қатардағы кәсіпкер емес, табысты кәсіпкерге айнала білдіңіз. Сол үшін де қуаныштымын. Біз өз кезегімізде көмек көрсетуге әзірміз. Жалпы шағын және орта бизнеске көрсетілетін көмекті көбейтпесек, азайтпаймыз. Себебі біздің басты әлеуетіміз – осы сектор. Мен өз Жолдауымда кәсіпкерлікті қолдау, дамыту жөнінде көп нәрсе айттым. Әлемдік пандемияға қарамастан, біз бизнеске деген демеуді үзген жоқпыз.
Кәсіпорында 710 адам жұмыс істейді. Жалпы аймақта биылғы жылдың бірінші тоқсанында жұмыссыздық деңгейі 4,8% жеткен. Президент әсіресе өңірлерде халықты жұмыспен қамтудың маңыздылығына ерекше тоқталды. Бұл ретте «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасының мүмкіндігін барынша пайдаланған жөн. Биыл осы бағдарлама бойынша Қостанай облысының өзіне 54 млрд теңге бөлініп отыр. Президенттің пікірінше бағдарлама дұрыс іске асырылса, Американы ұлы дағдарыстан алып шыққан Рузвельттің жаңа бағытынан кем түспейді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Үкіметтің кеңейтілген отырысында бұл бағдарламаның орындалу барысына көңілім толмайтынын білдірген болатынмын. Бірақ әкімдермен кездесу, сөйлесу барысында бұл жобаның күш алып келе жатқаны байқалады. Бұл бағдарламаны мақсаты мен мазмұны жағынан Рузвельттің бағдарламасымен салыстыруға болады. Сондықтан дәл осы бағдарламаның орындалу барысын өзім қатаң қадағалайтын боламын.
Гүлжан Марқабаева, тілші:
- Күз келгенде Қостанайдың даласында жұмыс қыза түседі. Қостанайлық диқаншылар биыл да күзгі жиын-терімге кірісіп кетті. Қазір аймақтағы астықтың 80% қоймада тұр. «Өнім жаман емес», – дейді шаруалар. Гектарына 10 центнерден. Бұл – былтырғы қуаңшылық жылымен салыстырғанда 20% көп өнім.
Көктем мен күзде Қостанай даласында жұмыс қыза түседі. Биыл диқаншылар күзгі жиын-терімге ерте кірісіп кетті. Енді он күн мына атырап келер көктемге дейін дамылдап жатады. Президент егіс алқабына арнайы келді. Диқаншылармен тілдесті. Жергілікті шаруалар санмен қоса, сапаға да мән беріп жатқанын айтады.
Ғауез Нұрмұханбетов, Қостанай облысы әкімінің бірінші орынбасары:
- Бүгінгі таңда барлығы 5 млн 266 мың гектар болды. Оның ішінде дәнді дақылдары 4 млн 051 мың гектар. Соңғы төрт жылда майлы дақылдар алқабы 300 мың гектарға жетті.
Пандемияның кері әсерін сезінбеген біреу болса, бұл – қостанайлық диқаншылар. Оның үстіне биыл мемлекеттен берілетін қаржылық көмек көбейді. Алғаш рет көктемгі егіске және күзгі-жиын терімге 30 млрд теңге бөлінді. Бұл былтырғы бөлінген қаржымен салыстырғанда 9 млрд теңгеге көп. Бітік шыққан бидай Президентті де қуантты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз биыл үлкен табысқа ие болатын болдық. Егін жақсы. Пандемияға байланысты қиын болды. Кесірінен біраз қиыншылыққа ұшырадық. Бірақ дегенмен мемлекетіміз бұл қиындықты еңсерді. Экономикамыз дамып келе жатыр. Келекшекте бәрі дұрыс болады.
Алқап басында Мемлекет басшысы байырғы диқаншылармен тілдесті. Солардың бірі – Олег Даниленко. Өсімдік шаруашылығымен, мал өсірумен айналысады. Ел ағасы ретінде елдегі өзгерістерді жеткізді. «Бастысы, жастар ауылға келе бастады», – дейді.
Олег Даниленко, шаруа қожалығының директоры:
- Қазір біздің ауылдағы халықтың 70% жас мөлшері 18 бен 35 аралығындағы жастар. Мемлекеттік бағдарламалардың арқасында жол дұрысталып, су тартылып жатыр. Осы пандемия тұсында жұмыскерлердің жалақысын 40% көбейттік.
Шаруалар Президентке өтінішін де айтты. Өсімдік шаруашылығын міндетті сақтандыру туралы заң қабылданды. Осындай заң мал шаруашылығында да қабылданса деген тілектері бар. Президент естіді, шаруалардың жайын жерде қалдырмайтын әдеті бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Негізгі міндеттер Жолдауда айтылды. Сіздер ол құжатты толық оқып шықты деген сенімдемін. Мен бұл құжатпен оны жариялағанға дейін жұмыс істедім. Оның әрбір сөйлемі менің жүрегімнен өтті десем болады. Бұл құжаттың әрбір пунктіне өзім жауап беремін. Әлеуметтік-экономикалық мәселелер басты назарда. Адамдар бізден нақты мәселелердің шешімін күтеді. Үкімет кеше Жолдауды орындаудың ұлттық жоспарын қабылдады. Дегенмен бір нәрсені ұмытпаған жөн. Бұл – бірлесе атқаратын ұжымдық жұмыс.
Кездесуде шаруалар өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу және экспорттау мәселелерін көтерді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Өнімді өндіру үлкен мәселенің бірі әрі негізгісі болса, енді оны нарыққа шығару да маңызды. Үкімет осы мәселелермен айналысуы тиіс. Қазір біз ЕАЭО аясында нақты мәселелерді шешумен айналысып жатырмыз. Қараша айында Президенттердің басшылығымен шекаралас өңірлердің басшыларының аймақтық кездесуі өтеді. Пандемияға байланысты қандай форматта өтетіні белгісіз, бірақ өтуі тиіс. Жалпы ЕАЭО аясындағы интеграцияны дамыту бойынша біздің бағытымыз өз күшінде.
Президент еліміздің азық-түлік қорын қамтамасыз ету бойынша қабылданған шаралар үшін ауыл жұмысшыларына ризашылығын білдіріп, жиын-терім науқанын уақытылы аяқтап, мол өнім алуларына тілектестік білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қостанай облысының орны ерекше. Экономикасы қарқынды дамып келе жатыр. Біз әкіммен түрлі мәселе аясында пікір алмастық. Жалпы облыстың жағдайы жаман емес. Көрсеткіштері жақсы. Сондықтан болашақта бәрі ойдағыдай болады деген үміттемін.
Қазақстан биыл бидай экспортының көлемін ұлғайтады деп хабарлады ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі. Ел бойынша 18 млн тонна астық жиналады. Соның 5 млн тоннасы – осы Қостанай даласында жиналған дән. Демек, осы алқапта жайқала өскен қара бидай бергісі Өзбекстан, Тәжікстанға арғысы Ауғанстан мен Қытайға қыр асады.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Алмас Омарғалиев, Азамат Сәметов, Дулат Ентебков