Жамбыл облысы Қордай ауданындағы ахуал тұрақталды
Жергілікті тұрғындардың қарым-қатынасы орнына келіп, жұрт бұрынғы тіршілігіне кірісті. Қазір қордайлықтар күзгі науқанда өнімдерін жиып-теріп, қысқа қамданып жанталасып жатыр.
Масаншы ауылында бүгінде 18 мыңнан астам халық тұрады. Жергілікті жұрттың негізгі кәсібі – диханшылық. Бау-бақша, егін егуді жетік меңгерген. Жерді бірнеше рет өңдеп, жылына үш рет өнім алады. Қазір тұрғындар күзгі өнімдерін жиып, нарыққа саудалауға әзірленіп жатыр.
Рамазан Инва, шаруа:
– Шүкір, биылғы өнім жаман емес. Алқаптағы жұмысшылардың барлығы ауыл тұрғындары. Жағдай қалыпқа түсіп тұрақталған. Көріп тұрғандарыңыздай, жылдағы тіршілігімізді істеп жатырмыз. Еңбектеніп, табыс табу үшін кедергі жоқ.
Қазір Қордай ауданындағы дүнген ағайындарға мемлекеттік тілді үйретуге ден қойылған. Жергілікті жұрттың да ынтасы жаман емес. Мектеп жасындағы балалардан бөлек, ауыл тұрғындары да қазақ тілін меңгеруге кіріскен. Білікті тіл мамандары балабақшалардағы тәрбиешілер мен мемлекеттік қызметкерлерді де қамтып отыр. Бірнеше айлық оқу курстары алғашқы нәтижесін бере бастады.
Айша Идиво, Масаншы ауылының тұрғыны:
– Үйренуге тырысып жатырмыз. Негізінен күнделікті қарапайым тұрмыс-тіршілікке қажетті сөздерді меңгерудеміз. Мәселен, біреуді құттықтау, амандасу, сұрау деген сияқты. Қазір екі жарым айлық оқу курсын тәмамдадық. Тіл үйренуге ыңғайлы онлайн мобильді қосымша да бар. Тіл мамандарына алғыс білдіреміз.
Төтенше жағдай кезінде Масаншы, Бұлар батыр және Ауқатты ауылдарында 65 нысан зардап шекті. Бүгінде олар қалыпқа келтірілген. Жөндеу жұмыстарына 213 млн теңге бөлінген болатын. Ал аздап зардап шеккен жүздей нысанды жергілікті кәсіпкерлер жөндеп берген. Айта кету керек, биыл Қордай ауданына 31 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлініп, 387 әлеуметтік жоба жүзеге асырылып жатыр. Жергілікті ауылдарға газ, ауызсу жүйелері тартылып, 9 ауылдың ішкі жолдарына асфальт төселді.
Ерғазы Бозшаев, Қаракемер ауылының тұрғыны:
– Елдің көңілі көтеріңкі. Қазір араласып-құраласып тұрамыз. Бір-бірімізге деген жаман ниет жоқ. Барлығы дұрыс. Ынтымақта, бірлікте, татулықта тұрып жатырмыз. Қақтығыстан кейінгі нысандардың барлығы бой көтеріп, қазір төбесі жабылып, кейбіреуі саудасын істеп жатыр.
Қазір елді мекендердегі татулық пен бірлікті арттыру маңызды іс. Бұған ауыл ақсақалдары ерекше көңіл бөліп отыр. Олар жастарға мемлекеттік тілдің маңызы мен тарихын терең тануға бағыт-бағдар беруде. Айта кету керек, Қордай оқиғасына қатысты барлық іс қазір жіті тергеліп жатыр. Тергеу амалдары аяқталған соң іс Жамбыл облысы бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралмақ.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Руслан Ахатіллә