Ақтөбеде ТЖД мамандары мыңға жуық жанды ажалдан арашалап қалған
Биыл азаматтық қорғау органдарының құрылғанына 25 жыл толып отыр.
Бұл осыдан екі ай бұрын облыс орталығында болған оқыс оқиға. Бір мезетте 8 пәтер өртенді. Тығыз орналасқан баспаналарға жайылған жалынды тоқтатуға 53 өрт сөндіруші мен 15 арнайы техника келген. «Будақтаған қою түтін ішінен бірінші кезекте тұрғындарды шығаруға кірістік. Абырой болғанда қаза болған жан жоқ», – дейді өрт сөндіру бөлімінің командирі Жасұлан Итенгенов.
Жасұлан Итенгенов, №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі:
– Жалынның қызуы бет қаратпады. Тыныс алуға да мүмкіндік болмағандықтан оттегі баллондарын қолдануға тура келді. Түтін де көз аштырмайды. Соған қарамастан міндетімізді орындап, адам шығынына жол бермедік.
Құтқарушылар жыл бойы дамыл таппайды. Жазда жалынмен күресіп, суға кеткендерге көмекке келсе, қыс мезгілінде қар құрсауында қалған жолаушыларға жәрдем етеді. Күніне орталық пультке шамамен 50-ге жуық қоңырау түседі. Мәселен, биылдың өзінде 2600-ден астам төтенше жағдай кезінде мыңға жуық азамат құтқарылды. 900-ге жуық жан қауіпсіз аймаққа эвакуацияланды.
Марғұлан Аманбаев, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы:
– Құрылған жылдары облыста оннан аса өрт сөндіру депосы болатын болса, қазір 22 өрт сөндіру депосы бар. Ол әр ауданда. Кейбір үлкен ауданда екеуден. Қалада 5 өрт сөндіру депосы бар. Құтқарушылдардың саны ол уақытта 500-ден асатын болса, қазіргі таңда 909 құтқарушылардың саны жетті. Сақадай сай жігіттер деп мақтануға болады. Олар қазіргі бейбіт күннің батырлары.
Биыл Төтенше жағдайлар департаменті 5 арнайы техникамен толықты. Алдағы жылы қосымша 25 автокөлік сатып алу жоспарланған. Бұл облыс орталығымен қатар аудандардағы жауынгерлердің оқыс оқиға орнына дер кезінде жетуі үшін жасалып отыр.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков