ШҚО-дағы зауыттың еңбеккерлерге берешегі 40 млн теңгеге жетіпті
Зауыттың жүзден астам жұмысшысы былтырдан бері жалақы алмаған. Кәсіпорынның еңбеккерлерге берешегі 40 млн теңгеге жетіпті. Соңғы екі жылда зауытқа бірнеше компания иелік еткен. Алайда олардың ешқайсысы кәсіпті аяғынан тұрғыза алмапты. Енді еңбеккерлердің күні не болмақ?
Соңғы 15 жылда бұл зауыт толық жұмыс істеген жоқ. Ұзақ уақыт бір банктің кепілдігінде тұрды. Бірнеше жыл бұрын проблемалық кредиттер қорының иелігіне өткен. Содан бері кәсіпорынды сенімді басқаруға алуға талай инвестор ниеттенгенімен, ешқайсысы тәуекелге бармаған. Тек былтыр ресейлік бір құрылтайшы қаржы салып, қазақстандық бір компанияға сенімді басқаруға тапсырады. Алайда алты айдан соң оның да жұмысы тұралайды. Еңбекақы қарызы әлі толық өтелмей келеді.
Давид Мартиросян, зауыттың бұрынғы жұмысшысы:
- Ешқандай қозғалыс жоқ. Біз күдерімізді үзе бастадық. Өйткені зауыттың басшылығына қатысты қылмыстық іс қозғалыпты. 3,5 млрд теңге жымқырған дейді. Ал бас есепші де істі болып қамауға алынды. Зауытқа қазір иелік етіп отырған кәсіпкер де екі ай жұмыс істеді. Қазір оның да жұмысшылардың жалақысына қарызы бар.
Жалақыға қарызы бар екенін зауыттың директоры да жасырмайды. Екі айда 8 млн-нан асқан. Еңбеккерлермен уақытылы есептесе алмауын тапсырыстың жоқтығымен байланыстырады. Дегенмен біртіндеп өтеп жатқан көрінеді.
Қайрат Қуанбаев, бейорганикалық зауыттың бас директоры:
- Жұмысшылардың алдында екі айдай қарызымыз бар. Бізде жұмыс болған жоқ. Бәрін таратып жіберуге болмайды. Қарызды жартылай жауып тастадық.
Жабылмаған қарыз 30 млн теңгеден асады. Бұл – зауыттың бұрынғы иесінен қалған берешек. Кредиторлық қарыз да, миллиардтан асады.
Бақытбек Қизатов, облыстық Еңбек инспекциясы басқармасының басшысы:
- Бұрынғы кәсіпорын басшысы Бутрин болған. Оған байланысты қылмысытық істер қозғалған. Проблемалық несиелер қорының мәліметі бойынша сол кәсіпорынның жағдайы туралы бағалау жұмыстары аяқаталып келе жатыр. Аяқталғаннан кейін тендер жұмысы жүргізіледі.
Жүргізілетін тендер жұмысының талабы бойынша зауытқа иелік еткісі келетін келесі компания жұмысшылардың жалақысының бұрынғы қарызын толық өтейді. Одан соң ғана басқаруға алады. Алайда қондырғылары мен құрылғыларының бәрі тозып, ғимараты алқам-салқамы шыққан кәсіпорынға әзірше ешкім қызықпай отыр.
Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин