Ертіс өңірінде әлі күнге дейін Кеңес Одағында берілген төлқұжатпен жүрген азаматтар көп
Құдды бір парадокс секілді. Отыз жылда бір емес, отыз құжатты ауыстырып алуға болады. Әсіресе ақпараттық технология қарыштап дамыған қазіргі заманда тіпті қиын емес.
Сонда бұл азаматтарға тәуелсіз Қазақстанның төлқұжатын алуға не кедергі? Жеке бастың құжатына соншалықты немқұрайлы қарауға бола ма? Бұл ұқыпсыздық па, әлде құнтсыздық па?
Павлодарлық Сергей Руморелдің 1974 жылғы үлгідегі төлқұжатпен жүргеніне биыл – 23 жыл. Олқылықтың орнын толтыру үшін көші-қон қызметіне келді. Енді азаматтығын дәлелдейтін құжаттарын жасатпақ.
Сергей Руморел, қала тұрғыны:
– Құрылыс саласында жұмыс істеп жүрдім. Мемлекеттік мекемелердің көмегіне жүгінбеппін. Осылай уақыт өте берді. Бұған дейін жеке куәлік алу туралы ойламаппын. Енді құжаттарымды реттегім келді. Мамандар бір ай ішінде жеке куәлік рәсімдеп береміз деді. Асыға күтемін.
Ал Лидия Коносова үшін бүгін қуанышты күн. Алғашқы жеке куәлігін ел қатарлы 16 жасында емес, 60 жасында алып отыр.
Лидия Коносова, қала тұрғыны:
– Осы күнге дейін ешқандай жәрдемақы алып көрмеппін. Емханаға скринингтен өтуге барғанда жеке куәлік сұрады. Тұрғылықты мекенжайым бойынша анықтама қажет болды. Оған қоса, зейнеткерлікке шығуым керек.
Көші-қон қызметіне келетіндердің қатарында қолында «қызыл» төлқұжаты бар адамдар көп. Мәселен, бір күннің ішінде 10 шақты тұрғын Қазақстан азаматтығын растауға ниет білдірген. Оларды құжаттандыруға 6 айға дейін уақыт кетеді. Осы күнге дейін 236 адам төлқұжатқа ие болды.
Мәдина Молдакелдинова, Көші-қон қызметінің инспекторы:
– Олардың ЖСН номері жоқ. Сәйкесінше 1991 жылдан бері Қазақстан аумағында болғаны жөніндегі анықтама бере алмайды. Сондықтан оның жеке басын тану хаттамасын жасаймыз. Жеке куәлігін алған соң осында келеді. Егер Қызыл паспорт өзге елдің аумағында алынса, жұмыс күрделенеді. Себебі өзге елдерге өтініш жолдаймыз.
Төлқұжат өзге елде берілсе, оны растайтын жазбаны іздеу керек. Мамандардың айтуынша, бұл бағытта Ресеймен тәуір байланыс орнаған. Ал Украина, Өзбекстан, Қырғызстандағы көші-қон қызметтері акт жазбасы бойынша ақпаратты мүлде бермейді.
Кристина Анцифирова, облыстық ПД Көші-қон қызметінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:
– Кеңестік құжатпен әлі күнге дейін жүргендер түрлі себеп айтады. Ақшаның жоқтығы, ата-аналарының құжатсыз жүруі жиі кездесетін әңгіме. Бізге келетіндердің көбі – зейнеткерлер. Оларды полиция қызметкерлері анықтап, Көші-қон қызметіне бағыттайды. Біз жедел әрекет етуге тырысамыз.
Өкінішке орай, ескі төлқұжатпен жүргендердің нақты саны белгісіз. Көші-қон қызметі әкімдіктер мен полиция қызметінің ақпаратына ғана сүйенуге мәжбүр. Десе де, осы санаттағы адамдарды құжаттандыру алдағы төрт жыл ішінде аяқталуы тиіс.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов және Марат Игіліков