Шымкенттік тұрғындар 10 жылдан бері жол азабын тартып келеді
Қаланың қақ ортасында тұрса да Нариман Тайманов көшесінің тұрғындары жергілікті биліктен күдер үзген. Себебі бір кездері тұрғындар өз қаражаттарына салған асфальт жолды инфрақұрылым жүйелері тартылады деген сылтаумен қала әкімдігінен келген мамандар бұзып тастапты. «Қайтадан орнына жол салып бере ме?», – деп күткен жұртшылық: «Үмітіміз ақталмады», – дейді.
Бір қызығы, осы «Самал-1» шағын ауданындағы көршілес көшелерге асфальт жолдар әлдеқашан төселінген. Тек Нариман Тайманов көшесі назардан тыс қалыпты. Тұрғындар жолдарының қашан жөнделетінін білмейді. Осы мәселені айтып талай рет қала әкімдігі мен сондағы жолға жауапты басқармаға шағымданған. Қолында билігі барлардың жауабы сол біресе қаражат тапшы, тағы бірде келер жылы міндетті түрде жол салынады деген түрлі сылтаумен шығарып салады екен.
Әбсаттар Душанов, қала тұрғыны:
– Мына біздің көшеміз екі центрдың ортасында. Мына жағында – АДЦ, мына жағында старый центр мынау тұр – Қазиев. Мына жақта бұл көше бөлініп кеткен – Тайманов. Анау арғы жағының барлығын асфальттапты. Мына жердегі 500 метр көшеміз қалып кетті. Бізге келіп, асфальт төсеп берсінші, алғысымызды айтамыз.
Тайманов көшесі қазір ұзыннан ұзақ тастақ жол. Бір кездері мұндағы халық өздері асар әдісімен қаржы жинап, асфальт салған. Оны да көп көрген жергілікті билік инфрақұрылым жүйелерін ауыстырамыз деп дымын қалдырмапты. Ал енді көктем мен күздің жаңбырында, сондай ақ қыстың жылымығында көше суға толатын көрінеді. «Аяқ алып жүру мүмкін емес», – дейді тұрғындар.
Гүлжахан Қожамұратова, қала тұрғыны:
– Мен өзім мектепте мұғаліммін. Сол мектепке баратын кезімде екінші аяқ киімді киіп, анау көшенің жағасына тастап кетемін. Себебі мына жер батпақ жүре алмайсың. Ал енді біз қаланың ортасында тұрамыз деп қалай айтамыз ? Бірнеше рет істеп жатады кейбір көшені. Ал біздің осы титтей көшеміздің істелмей қалып кеткені қынжылтады.
Тайманов көшесінің бір бөлігі әл-Фараби ауданына қараса, ал бір жағы Абай ауданына тиесілі. Халықпен сұхбаттасып тұрғанымызда тілшілер келді дегенді естіген Абай ауданы әкімдігінің атқамінерлері халық арасынан табылды. Тұрғындар мәселесін тікелей әкімге жеткізді.
Бұхарбай Парманов, Абай ауданының әкімі:
– Тайманов көшесі негізінен 1,5 шақырымнан құралған жол. Бүгінгі күні 300-500 метрдей жолы қалып отыр. Бұл жерде «Самалда» инфрақұрылымдар жүрді, себебі жаңа мөлтек аудан. Енді қазір 2021 жылға осы жерде қалған 5 көше бар. Осы 5 көшеге 187 миллион теңгеге жобалық-сметалық құжаттары жасалынды. Соның ішінде Тайманов көшесі бар. Қазір мұны тұрғындармен сөйлескенде айттым. 2021 жылдың 1 тоқсанында Тайманов көшесін асфальттап жөндеп береміз. Аяқ жолдарын, су ағарларын жасап береміз.
Шағын аудан халқы келер жылды да күтуге әзір. Тек: «Жолға жауаптылар тағы да құрғақ уәдемен алдап кетпесе жарар еді», – дейді.
Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов