Ақтөбеде әлеуметтік қызметкердің көмегіне мыңға жуық азамат мұқтаж
Күнделікті тазалықты қамтамасыз ету, қажетті азық-түлік және дәрі-дәрмекті жеткізіп отыру сияқты тұрмыстық мәселелерді шешуде көмекшілердің еңбегі ерен. Қазан айының соңғы жексенбісі «Қайырымды жанның үлгісі» әлеуметтік қызметкердің мерекесі тойланады.
Айнұр Бисенғалиева күн сайын 4 бүлдіршіннің үйінде болып, ерекше бөбектердің көңілін аулайды. Ұстаз мамандығы бойынша білім алғанымен әлеуметтік қызметке осыдан 4 жыл бұрын келген. «Алғашында уақытша деп ойлағаныммен, бөбектерімді қиып кете алмадым», – дейді.
Айнұр Бисенғалиева, әлеуметтік қызметкер:
– Мен балаларды жақсы көремін. Оларды алдай алмайсың. Сондықтан шын ниетіңмен еңбектенсең, жұмыстың жемісі де болады. Бір-бірімізді түсінсек, балаларды оңалтуда нәтижеге де қол жеткізіледі.
Оң нәтиженің бар екендігіне Темірланның әжесі де қуанышты. Туа бітті дерті бар бүлдіршіннің тәрбиесіне кәсіби маманның қолұшын бергеніне риза.
Күләш Қалиева, Темірланның әжесі:
– Менің балама ұнамаса, ол аузы-басын кішкене шүртейтіп, қабағын түйіп алады. Мұғалімін көргенде қуанады. Кәдімгідей қуанады. Мұндай адамдар аз.
Айнұр Бисенғалиева сияқты мүмкіндігі шектеулі бөбектерге Ақтөбе бойынша 64 маман бекітілген. 80 әлеуметтік қызметкер ересектерге қолғабыс етеді. Мамандардың педагогика, медицина немесе психологиялық білімі болуы шарт. Әсіресе соңғысының маңызды екендігі айтпаса да түсінікті.
Шара Әлтекова, Әлеуметтік жәрдем орталығының бөлім меңгерушісі:
– Шыдамдылықты талап етеді, ол қарттар мен олардың көңіл-күйлеріне қарау керек келгенде. Кішіпейіл, адал, мінезі жұмсақ, осы қарттарды түсінетін. Тіл табысу керек та. Сырттан келіп, адам жұмыс істей алмайды.
Әлеуметтік қызметкерлер қарттық жетіп, бойының күш-қуаты азайған жандардың тұрмысында қолғабыс етеді. Дер кезінде үйін тазалып, қажетті бұйымдарын жеткізіп отырады. Алайда жалғызбасты жандар бірінші кезекте –әңгіме-дүкен құрып, құлазыған көңілін аулайтын адамға зәру. Сондықтан есік қағып келетін көмекшілерді асыға күтеді.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков