COVID-19: Павлодарда індетпен күресуге 157 маман тартылды
Ал өзге өңірлерден көмек күтудің өзі әбестік. Өйткені оларда да мұндай мамандардың қаны жерге тамбай тұрған шақ.
Жаман айтпай, жақсы жоқ. Алда-жалда аты жаман ауру тағы алқымнан алса, қалың бұқара пульмонолог іздеп, шарқ ұрып жүрмей ме? Жергілікті билік, бұл шетін мәселенің шешімін тапты ма?
Гүлнар Баширова, Ғ. Сұлтанов атындағы облыстық аурухананың пульманолог-дәрігері:
-Дәрігер тапшылығы бірден байқалды. Ал науқастардың саны көбейе берді. Қазір жағдай біраз тұрақталса да, науқастар келіп жатыр. Күніне 20-ға жуық пациентті қабылдаймын. Олардың қатарында коронавирустық инфекциядан айыққандары да бар. Кадр тапшылығын сезіп отырмыз. Қайта оқыту курстары ашылып, жастар тартылуда.
Жағдай біраз тұрақталса да, мамандардың жұмысы қауырт. Тыныс алу жолдары тарылып, дәрігерге жүгінгендер аз емес. Көбі – пневмонияға шалдыққан егде жастағылар.
Наталья Берелина, науқас:
-Өзім бұған дейін провизорлық госпитальге пневмониямен түстім. Қазір жағдайым жақсы. Бірақ кеңес алуға келіп жүрмін. Пульманологтардың санын көбету керек. Осылай кезек күтіп тұрамыз.
Аймақта кадр мәселесі біртіндеп шешіліп жатыр. Былтыр медицина ұйымдарына 205 маман қабылданды. Ал биылғы жылы 157 жас дәрігер инфекциямен күресуге жұмылдырылмақ. Солардың бірі – 28 жастағы Балахон Нишанов.
Балахон Нишанов, Ғ.Сұлтанов атындағы облыстық аурухананың анестезиолог-реаниматологы:
-Университеттің жолдауымен Павлодар қаласындағы облыстық больницаға жұмысқа орналастым. Жас маман ретінде қабылдап, қазіргі күнде жұмыс істеп жатырмын. Жаңадан келген жас мамандарға ай сайын пәтерақы төленіп тұрады.
Жауапты мекеменің мәліметінше, індетпен күреске 20 инфекционист, 10 эпидемиолог пен 30 анестезиолог-реаниматолог қажет. Бүгінде сұраныс толық өтелді. Сонымен қатар тағы 57 дәрігер қайта даярлық курсынан өткен.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов және Марат Игіліков