8 қараша – статистика күні
1920 жылдың 8 қарашасында ҚазақКСР-інде статистика қызметі құрылған болатын. Осы уақытқа дейін құрылымы айтарлықтай өзгерді. Басшылық кеңсе Алматыдан Нұр-Сұлтанға көшірілді. Заманауи технологиялар қолданылып, есеп-қисап жүргізу әлдеқайда жеңілдеген. Дегенмен мамандардың қажырлы еңбегін естен шығаруға болмайды.
Статистика саласының ардагері – Ерболат Мұасабек. Жарты ғасыр бойы демограф болып еңбек еткен. Қазірдің өзінде әріптестері мен жас мамандарға үлгі көрсетіп, білгенінің барлығын үйретіп келеді. Ардагер демограф Кеңес одағы кезіндегі жұмыс пен қазіргіні салыстыру қиын дейді.
Ерболат Мұсабек, демограф:
- Ең алғашқы бізге берілген тапсырма сол кездегі Қазақстан бойынша қанша мектеп бар екенін есептеу болатын. Ол кезде бәрі қағазбен болған. Әрбір бетті мектептер өздері толтыратын, сосын оны ауданға, аудан облысқа, облыстан қалаға кететін.
50 жылда ел жаңа. Жарты ғасыр қызметтің ішінде жаңа технологиялардың есебінен санақ жүргізу де жеңілдей түсті. Бірақ Ерболат Мұсабектің демограф ретінде салаға қосқан үлесі орасан зор. Ол бұрын соңды болмаған «Қазақстанның этнодемографиялық жылнамалығын» жазып шыққан.
Ерболат Мұсабек, демограф:
- Оның енді аналогы жоқ. Жақында мен Ресейдің демографтарымен жолыққанымда олар да: «Шынымен де басқа еш жерде жоқ», – деп айтып отыр. «Өмір сүру ұзақтығы» деген болады. Ол барлық халықта бар. Ал мына жеке-жеке этностарға бірінші рет 2006 жылы жасағанмын.
Салаға өлшеусіз үлес қосып, қажырлы еңбек еткен ардагерлерді статистик әріптестері келе жатқан төл мерекелерімен құттықтады.
Бір қарасаң, статистиктің жұмысы іш пыстырарлық секілді. Мамандар осындай кабинеттерде күні-түні есеп жүргізумен айналысады. Өйткені елдегі миллиондаған мәліметтер осында, орталыққа келіп түседі. Ал осы мамандарға артылған жүк ауыр. Себебі санда бір қателік кетсе, ол ертең ел тарихына кері әсерін тигізуі мүмкін. Айта кету керек, мұндай жауапты іспен көбіне әйелдер айналысады. Ұжымның 70% – нәзік жандылар.
Алмагүл Сәметова, Өмір сүру деңгейі және еңбек статистикасы басқармасының бас маманы:
- Біздің жұмыста шыдамдылық керек. Өйткені 10-12 сағаттап бір орында отырып, есеп жүргіземіз. Жауапкершілік те қажет. Атқарылған жұмысты мұқият тексереміз. Сараптама қалай жүргізілді? Соның барлығын бақылаймыз. Ешбір мәліметті тексермей жібермейміз. Өйткені бұл сандарды ертең ел-жұрт көреді. Тек қана біздің мемлекет емес, сонымен қатар ТМД елдері де қарайды.
Бүгінде статистика саласында еңбек етіп келе жатқан білікті мамандар жетерлік. Халық санағын жүргізу, күнделікті сандардың өзгеруі – осы жандардың жауапты ісі. Осы жексенбі күні бұл мамандар өздерінің төл мерекелерін атап өтпек.
Авторлары: Риат Шони, Есбол Жәмшитов