Әскери киімді заңсыз кигендерге айыппұл салынады
Атыраулық әскери полицейлер айырықша белгілері бар әскери киімді заңсыз киіп жүрген азаматтарға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ал ескерту ескерілмейтін болса, алдағы уақытта айыппұл да салынады.
Арнайы дүкендерде ашық сатылатын әскери киімге бүгінде сұраныс жоғары. Сапасы жақсы киімнің бағасы да қолжетімді. Алайда әскери болмасаңыз, ондай киімді киюге рұқсат жоқ. Сол үшін тіпті жауапкершілікке тартылуыңыз да мүмкін. Десе де тұрғындар онымен келіспейді. «Мұндай заңсыздық болмауы үшін әскери киімді сатылымнан да алып тастау керек», –дейді олар.
Жандос Тұрланұлы, қала тұрғыны:
– Иә, естідім айыппұл салады дегенді. Бірақ енді мынау өте ыңғайлы, сапасы да керемет. Шарбақта, далада шаруамызды жасағанда киіп алуға өте жақсы. Ал егер айыппұл салып, басқа да шаралар қолданатын болса, дүкендерден алып тастасын. Басқа вариант күтіп тұрған жоқпын. Базарларда, дүкендерде көп. Барлық жерде сатылады. Ашықтан ашық сатылып жатыр.
Әскери киім үлгілерін заңсыз кию фактілерін анықтау мақсатында өткен акция кезінде қазан айынан бері 28 тұрғынға ескерту беріліпті. Тәртіп сақшыларының сөзінше, осындай заңсыздық қайталанатын болса, заңнамаға сәйкес, жеке тұлғаларға – 5 АЕК, ал заңды тұлғаларға 25 АЕК көлемінде айыппұл салынбақ.
Бақтияр Дәуренқұлов, әскери полиция бөлімшесінің капитаны:
– Бұл киімдер қарапайым тұрғындар арасында ыңғайлылығымен және арзан бағасының арқасында жоғары сұранысқа ие. Әскери киімдер негізінен ауысым формасы немесе жұмыс формасы ретінде қолданылады. Қоғамда әскери форманы киген тұрғындардың құқық бұзушылықтары мен тәртіп бұзушылықтары, әскери қызметкерлер жасаған бұзушылық ретінде қабылданады. Нәтижесінде бұл Қарулы Күштердің имиджіне және әскери адамның сыртқы келбетіне кері әсер етеді.
Әскери киімнен бөлек, айырықша белгілерді де арнайы дүкендерден алуға болады. Тіпті сол үшін сатушы құжаттарды да талап етпейді. «Ал әскери киіммен жүріп, тәртіп бұзатындар әскери полицейлердің беделіне нұқсан келтіреді», – дейді тәртіп сақшылары.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов