Өскеменде химиотерапияда импланттар қолданыла бастады
Онкология және хирургия өңірлік орталығының дәрігерлері бірінші болып, имплантат-катетерлерді қолдануды бастады. Яғни енді ауыр науқастарға көк тамырдан екпе егуде бұрынғыдай қиындық болмайды. Ең бастысы ем-шара кезінде тамыр жарылып, одан соң асқыну болмайды.
Бәтен Қожахметова ай сайын химиотерапия алады. Бұрын ем-шара кезінде, екпе еккенде алпысты алқымдаған кейуананың тамыры табылмай, тәні қатты ауыратын. Екі білегінде иненің іздері әлі бар. Қазір науқасқа тамыр екпелер тері астына қойылған катетер арқылы егіледі.
Бәтен Қожахметова, қала тұрғыны:
– Мына жер де, мына жер де жан-жақта көкпеңбек, қолым бәрі көгеріп кеткен. Қоятын ештеме болған жоқ. Сонан кейін ойланып барып, порт-система қойдырттым. Жақсы сезінем. Басында ауырды. Қазір жақсы ешқандай кедергі жоқ. Өзіме ыңғайлы.
Ыңғайлысы сол, әсіресе жасы үлкен адамдар бұрынғыдай әр химиотерапия қабылдау кезінде инеден қиналмайды. Биыл осындай тәсілмен 10 науқасқа ем-дом жасалып жатыр. Келер жылы 12 адамға қойылмақ.
Бекзат Мұқадиева, дәрігер-онколог:
– Химиотерапияның курстары, көрсеткіштері бар науқастар олар өте ұзақ уақыт алады. Бір жылға дейін алады. Және әр курс сайын ол науқастар келген кезде өздерінің тамырларына қайта-қайта ине қоя береді. Өте ауыр болады. Сондықтан жаңағы имплант-катетерлерін қою өте тиімді. Өйткені сол арқылы науқастардың ем-дом алуын жеңілдетеміз. Және ол ем науқастарға қауіпсіз.
Қауіпсіз екені толық дәлелденді. Әзірге Қазақстан медициналық импланттарды, әсіресе катетерді Франция, Германия, Польша сияқты мемлекеттерден сатып алады. Ал шығыстағы техникалық университеттің ғалымдары аяқ-қолға қойылатын импланттарды жасап шығарды. Қазір ол елордадағы ғылыми орталықта клиникалық сынақтан өтіп жатыр.
Авторлары: Олжас Керейхан, Жігер Бабаханов