ШҚО-да көпбалалы және тұрмысы нашар мыңнан аса отбасы баспаналы болады
Нәтижесінде тек Өскеменде үй кезегінде тұрған 627 отбасы жалдамалы пәтерге ие болды. Тұңғыш Президент мерекесіне орай 50 отбасына пәтер кілтін облыс әкімі Даниал Ахметовтың өзі тапсырып, қоныстойымен құттықтады.
Шығыста соңғы 10 жылда тұрғын үй құрылысы қарқынды жүрді. Ірі қалаларда негізінен көпқабатты үйлер бой көтерсе, аудан орталықтарында жеке баспаналар салынып жатыр. Нәтижесінде тек биыл мыңға жуық отбасы қоныстойын тойлады.
Тұңғыш Президент мерекесіне орай пәтер алғандардың қатарында көпбалалы отбасылар мен балалар үйінің тәрбиеленушілері және бюджет саласының қызметкерлері бар.
Кең бөлмені Мұқышевтар 10 жылға жуық күтті. Көпбалалы отбасына биыл мемлекеттен 3 бөлмелі жалдамалы пәтер берілді. Ай сайынғы жал құны 6 мың теңгеден аспайды. Ең бастысы жаңа үйде барлық жағдай жасалған.
Меруерт Мұқышева, көпбалалы ана:
– Мектеп өте жақын. Бұрын тұрған жерімізде балаларға алаңдайтынмын. Мектептен келгенге дейін. Қазір, міне, тура үйдің жанында. Өте жақын. Мемлекет көпбалалыларға өте көп көмек жасайды. Біз соның көмегін бәрін көріп отырмыз. Осы үйді алғанға әлі күнге дейін сенбейміз, шынын айтқанда.
Өңірде көпбалалы отбасыларды баспанамен қамту кезең-кезеңмен шешіліп жатыр. Соңғы 2 жылда Өскеменнің өзінде кезекте тұрған 2,5 мың отбасына пәтер берілді.
Фархат Жылыбаев, қалалық Тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы:
– 2018 жылы қалада үй кезегінде 13 мың адам тұрса, қазір 10500-ге түсті. 627 отбасының үй мәселесі жалға берілетін пәтерлер арқылы шешілді. Оған қоса тағы 87 отбасы «Бақытты отбасы» бағдарламасымен пәтерлі болды.
Қазір қалада тағы көпқабатты екі үй салынып жатыр. Ол аяқталған соң тең жартысы көпбалалы отбасыларға берілмек.
Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин