Павлодарда көпқабатты үйлердің құрылысы кешеуілдеп тұр
Баспана салынғанымен, инженерлік инфрақұрылымы тартылмаған болып шықты. Салдарынан тұрғындар аңсаған үйлеріне кіре алмай отыр. Пәтер кілтін алар күнді күтіп жүргендердің дені – екінші деңгейлі банкте салым жинағандар. Тұрғындар жергілікті билікке шағым айтып, талай рет хат жазған. Алайда әзірге мардымды жауап ала алмай отыр. Ал қалалық әкімдік: «Коммуналдық желілердің дер кезінде тартылмауына – қағазбастылық себеп», – дейді. Дегенмен мәселе тек жылуда емес. Сала мамандарының айтуынша, нысандар бой көтергенмен аяқталмаған жұмыстары әлі де көп.
Қайрат Борашұлы, қала тұрғыны:
– Шешілмейтін мәселе сияқты. бізге үйді салып бердік, енді жылуға рұқсат берілмей жатыр дейді. Неге жылуға рұқсат берілмейді? Сонда қалалық әкімдік қайда, облыстық әкімдік қайда? Неге олар шешпейді? Қанша халықты шулатып қойды. Енді қабырғалардың бәрі суиды, бәрі сырость болады. Үйдің фундаменті отырады.
Арман Асылханов, Қалалық құрылыс бөлімінің бас маманы:
– Желілердің құрылысы мердігерлерді анықтаған соң басталды. Байқау қараша айында жарияланды. Сонда ғана құрылыс-монтаж жұмыстары қолға алынды. Енді жұмыстар келер жылдың бірінші тоқсанында аяқталады деп күтілуде. Бірінші кезекте шағын ауданға жылу беріледі.