Қостанайдағы көпқабатты үйдің тұрғындары қалалық әкімдікке неге наразы?
Қостанайдағы көпқабатты үйдің тұрғындары қалалық әкімдікке наразы. «Атқамінерлерді сөзінде тұрмады», –деп айыптайды.
Былтыр көшені қалпына келтіру барысында ауланы абаттандырамыз деген уәделерін беріп, ақыры орындамаған. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі: «Жұмыстар күздің ортасында аяқталады», – деп мәлімдеген. Бірақ құрылыс әлі басталмаған.
Чкалов көшесінде бұл баннер кездейсоқ ілініп тұрған жоқ. Онда жергілікті биліктің ауланы абаттандыруға қатысты берген уәдесі жазылып тұр.
Диана Жұмабаева, қала тұрғыны:
– Балаларға арналған ойын алаңы тұрғызылады деп уәде берген. Әлі жоқ. Нысан қоршалып, абаттандырулы тиіс еді.
Көшені қалпына келтіру жұмыстары былтыр басталған. Сол кезде осы бірінші «А» үйдің ауласын абаттандыру шаруасы мүлдем қаперге алынбапты. Тұрғындардың наразылық хаттарынан кейін ғана жергілікті билік әрекет жасауға бекінгендей болды. «Бәрін тындырамыз», – деп уәделерін жаудырды. Бірақ сөзден іске кіріспеді.
Морис Ким, қала тұрғыны:
– Күн жылы кезде біздің аулада абаттандыру жұмыстары жүргізілмеді. Уақыт жоғалды. Ешнәрсе жасалмады. Бәрі де құр бос сөз болды.
Айтылған әңгіме осы қалпына келтірілмеген алаңға қатысты. Үлкен аумақтың түйірдей бөлігі ғана алаңқайға жарамды. Дегенмен қалалық Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі үнсіз қалмады. Көпқабатты үйдің тұрғындарына мынадай жауап жолдапты: «…Биыл бюджет есебінен жоғарыда көрсетілген мекенжайда балаларға арналған спорт алаңы салынады. Оның аумағы 150 шаршы метр болады. Құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың қазан айында аяқталады». Хатта мерзім туралы нақты көрсетілмеген. Сол себепті шенеуніктердің «ағымдағы жыл» деп тұрғаны қашан екені белгісіз. Осы сауалды әкімдікке ресми хат түрінде жібергенбіз. Жауабын күтудеміз. Ал тұрғындарға құрылысты тағатсыздана күтуден басқа амал жоқ.
Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Сергей Трахтенберг, Ермек Мұхамедияров