ШҚО-да 932 907 сайлаушы тіркелді
ОСК бұл саяси науқанға өте жоғары деңгейде дайындалды. Әрине, басты басымдық – санитарлық талаптардың сақталуы мен учаскелердің техникалық тұрғыда жабдықталуы. Әрбір сайлау учаскесінің мүшелері мен байқаушылар және сол жердегі техникалық қызметкердің барлығы, ПТР тестінен өтті. Ал әр екі сағат сайын дезинфекция жасалу жағы да қарастырылған.
Олжас Керейхан, тілші:
- Иә, шығыста 1 млн-ға жуық сайлаушы тіркелген. Аймақта 1039 сайлау учаскесі дайындалды. Дауыс беру учаскелері ресми ашылған соң сайлаушылар өз тіркеген мекенжайлары бойынша біртіндеп келіп таңдауларын жасап жатыр. Әрбір сайлаушы келген бойда дене температурасы өлшенеді. Одан соң бірден дауыс беруге өтеді. Саяси науқанды өткізу барысы, ұйымдастыру мәселесі туралы ШҚО сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Жанар Алхановадан сұраған едік.
Жанар Алханова, ШҚО сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары:
- Облыс бойынша 932 907 сайлаушы бар және де өздерінің денсаулықтарына байланысты сайлау учаскесіне келіп дауыс бере алмайтындарға арналған 2078 жылжымалы урналар дайындалған. Сондай-ақ сайлау комиссиясының мүшелері дауыс беру кезінде арнайы медициналық костюмдермен қамтамасыз етілген.
Олжас Керейхан, тілші:
- Сондай-ақ іс-сапардағы әскери қызметкерлер мен кейбір жабық мекемедегі жұмысшылар да өз таңдауын жасау үшін 64 сайлау учаскесі дайындалды.
Саяси науқанды бақылау үшін шығысқа шетелден сегіз байқаушы келді. Олардың екеуі Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымынан болса, алтауы – ТМД елдерінің байқаушылар миссиясының өкілдері. Ал жалпы аймақта құрылған 1039 сайлау учаскесіндегі дауыс беру барысын бір мыңға жуық байқаушы қадағалап отыр.