Алматы облысындағы Шарын шатқалында алдағы бес жылда 12 нысан салынады
Мемлекет басшысы елімізде кенжелеп тұрған эко-туризмді өркендетудің қажеттігін айтып, салалық министрлікке тапсырма берген еді. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі ұлттық-парктерді дамытудың тұжырымдамасын әзірлеп, қоғам назарына ұсынды. Соған сәйкес Шарын сияқты мемлекеттік ұлттық-табиғи парктерде саяхатшылар үшін қолайлы жағдай жасалып, жаңа жұмыс орындары ашылмақ. Туристік маршрут он шақты шақырымға созылады. Шарын шатқалы – ерекше қорғалатын табиғи аймақ. Ол теңіз деңгейінен 1 300 метр биіктікте орналасқан. Құздардың биіктігі 370 метрге дейін жетеді. Өткен жылы бұл шатқалдарды көру үшін 20 мың адам келген. Әлемде мұндай шатқалдар тек АҚШ-тың Аризона штатында ғана кездеседі.
Максим Акрамов, «Шарын» мемлекеттік ұлттық-табиғи паркінің инспекторы:
- Бақылау пунктінен әр турист өткенде ережелер толық айтылады. Мысалы, мына жолмен ғана жүргізімез. Себебі басқа жерде көптеген шөп өседі. Соған байланысты жартастарға шығуға болмайды. Тек қана жолмен жүруге болады. Содан кейін тас құлап кету қаупі де бар.
Шарын шатқалында жойылып кеткен көне флора мен фаунаның, атап айтқанда көне заманда өмір сүрген пілдер, мүйізтұмсықтар, стенон жылқылары мен қорқау қасқырдың қалдықтары табылған. Ал Шарын өзенінің жағасындағы жартастан тау ешкілерін кезіктіруге болады. Жануар еліміздің Қызыл кітабына енген. Шатқалда қарақұйрық пен қабан да кездеседі. Сондықтан бұл жердің әсем табиғатын әлемге таныту үшін кешенді жұмыстар атқарылып жатыр. Ұлттық-табиғи парк аумағында ақпараттық-визит орталық, қонақүйлер, дәмхана мен кэмпинг сияқты барлығы 12 нысан салу жоспарланып отыр. Құрылыс алдағы бес жылда кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.
Елнұр Ахметов, «Шарын» мемлекеттік ұлттық-табиғи паркінің директоры:
- Инвесторларда қаржылары бар екені туралы ақпарат болу керек. Экологиялық туризм болғаннан кейін жалпы табиғатты құртпай, керек туристік нысандар салу қажет. Одан кейін табиғатты қорғау саласында өрт қауіпсіздігі, экологияны сақтауға арналған талаптар қойылады.