Вакцинаны тұмауға қарсы екпе секілді жыл сайын егуге тура келеді
Осы ретте қазақстандық мамандар бұл шараның қалай жүретіні жайлы айтты. Ең әуелі вакцина алардың алдында сараптама жасау қажет. Сосын адамның 14 күн бойы жедел респираторлы аурумен ауырған науқаспен байланыста болғанын не болмағанын анықтау қажет. Егер әлсіздік, шаршағандық, дәм, иіс сезбеу сынды белгілер болса, онда ол адамға екпе егілмейді. Мұндай жағдайда дәрігерлер ПТР тест тапсыруға жібереді. Айта кетейін, ақпанның 1-і күні басталатын науқанда 18 жасқа дейінгі балаларға вакцина егілмейді. Өйткені бұл санаттағы балаларға екпе қалай әсер ететіні тексерілген жоқ. Ал екпе алып болғаннан соң адам 30 минут көлемінде дәрігердің қарауында болады. Кейін 3 күн бойы мекенжайы бойынша учаскелік дәрігердің бақылауында болуы тиіс.
Бақыт Көшерова, Қарағанды Медицина университетінің клиникалық жұмыстар жөніндегі проректоры:
- Бізде жыл сайын түрлі ауруға қарсы жасалатын екпе тегін. Сондықтан коронавирусқа қарсы егілетін вакцина тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында беріледі. Тағы бір айта кететін жайт, ол екпе жасалғаннан кейін пайда болатын антиденелер өмір бойы болмайды. Белгілі бір уақыт өткеннен кейін жойылып кетеді. Сондықтан вакцинаны тұмауға қарсы жасататын екпе секілді, жыл сайын егуге тура келеді.