Вирус һәм вакцина: ғалымдар не дейді?
Сонымен тағы да еске салайық, алдағы аптаның дүйсенбісінен бастап елімізде екпе салу қолға алынады. Дегенмен кейбір ғалымдар вакцина жайлы мәліметтің аздығына наразы.
Қазір еліміз тұрмақ, бүкіл әлемді мына коронавирустың кесірінен тұрақсыздық, күмән мен үрей жайлап алды. Рас, ашық дереккөздерден клиникалық сынақтың толыққанды нәтижесін табу қиын. Сондықтан сонда бұл екпелер неден жасалғанын, құрамында не барын тілшіміз анықтап көрді.
Риат Шони, тілші:
– Ақпанның 1-і күні елде екпе егу шарасы басталады. Бірақ қандай вакцина болатындығы осы күнге дейін белгісіз еді. Ел аузында жүрген 3 екпе бар. Біріншісі отандық – Qaz-Covid-In, екіншісі ресейлік «Спутник V» және соңғысы америкалық – Pfizer. Бірақ қазақстандық вакцина қазір клиникалық сынақтың 3-ші фазасынан өтіп жатыр. Ал Pfizer екпесіне қол жеткізу үшін Алексей Цой айтқандай, шамамен жарты жыл уақыт қажет. Сонда қазіргі таңда сапалық аттестациясы тексеріліп жатқан «Спутник V» ғана қалады. Бұны қаңтардың 26-сы күні өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Цойдың өзі де растады. Дегенмен ресейлік вакцинаға қатысты қазақстандық ғалымдардың пікірі мынадай.
Дана Ақылбекова, Назарбаев университетінің Биоинженерлік медицина саласындағы профессоры, Medsupport жобасының еріктісі:
– Негізі «Спутник V» адам үшін қауіпті емес. Бірақ оның тиімділігіне қатысты сұрақтар бар. Өйткені ресми мәліметтер өте аз. «Спутник V» вакцинасының клиникалық сынақтың 1-ші және 2-ші фазасынан өткені туралы ақпараттар бар. Ал соңғы кезеңдегі нәтижелері жайлы ашық деректер жоқ. Тек қана баспасөз хабарламаларында ғана қысқаша жазылған. Бұндай әрекет ғылыми ортада үлкен күмән тудырады. Себебі қандай да бір тәжірибе жасаған кезде барлығына хаттама толтырылып, ғылыми мақала жазылады. Кейін өзге ғалымдар оны қарап, ненің дұрыс, ненің бұрыс жасалғандығын анықтайды.
Риат Шони, тілші:
– Жалпы ресейлік вакцина «Спутник V» қалай жұмыс істейді? Екпе екі компоненттен тұрады. Ең әуелі адамға вакцинаның бір бөлігі егіледі. Кейін мамандар ағзаның реакциясын бақылайды. Барлығы жақсы болса, 21 күннен кейін екінші компонент беріледі. Ол не үшін қажет? Негізі ресейлік вакцина жасалған кезде аденовирус векторы алынған. Яғни қарапайым жедел респираторлы вирусты инфекция тудыра алатын вирус. Оған коронавирустың генетикалық материалы қосылған. Вектор мен генетикалық материал адам ағзасына енгеннен кейін антиденелер пайда болып, коронавирусқа қарсы тұруға дайын болады. Бірақ біз құрамында аденавирус болатын тұмауды жылдам жұқтырып емделетіндіктен біздің ағзамыз оның барлығын есте сақтайды. Яғни оны клеткаға жеткізбей, ерте жойып тастауы мүмкін. Сол себепті екінші компонент міндетті түрде егіледі.
Филип Ла Флер, Назарбаев университетінің профессоры:
– Қандай да бір препаратты қолданар алдында адам әрдайым күмәнмен қарайды. Неге? Өйткені ашық дереккөздерінде ол препарат жайлы мәлімет мүлдем аз. Ал оны сейілтіп, адамды сендіру үшін сынақтан өткен кездегі ақпараттарды толық жариялау қажет. Әрине, көптеген сұрақтарға толық жауап ала алмаймыз. Бірақ екпе мыңдаған адамға егілетіндіктен ол жайлы мәліметті жасыру дұрыс емес.
Риат Шони, тілші:
– Ғалымдар: «Отандық вакцина Qaz-Covid-In жайлы да мәлімет аз», – дейді. Клиникалық сынақтың 3-ші фазасынан өтіп жатқан екпе – инактивті. Яғни оның құрамында әлсіретілген вирус болады. Ол ағзада көбейе алмайды. Соның арқасында антиденелер пайда болып, күші көп вирус келгенде қарсы тұруға дайын болады. Инактивті вакцинаны дайындау үшін пайдаланылған компоненттердің басым бөлігі ондаған жылдар бойы ғылыми тұрғыда қолданылып келеді. Ешбір зияны болмағандықтан Qaz-Covid-In-ді дайындау үшін ғалымдар осы әдісті таңдапты.
Нұрлыбек Асылбеков, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі комитет төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы:
– Инактивация жасалған вакцина – бұл өте тексерілген, бұрыннан келе жатқан технология. Осы қазіргі беріліп отырған мәлімет бойынша, қазір клиникалық зерттеулер жүріп жатыр. Әзірге сол 90 проценттен аса тиімділік көрсетіп отыр. Бүкіл дүниежүзінде бұл осы тиімділікті Мадерна да, Файзерда 90-нан жоғары деп отыр ғой. Бірақ осыған дейінгі ғылыми зерттеулердің айтылып отырған мәліметтері бойынша 50 пайыздан асқан жағдайда вакцинаны пайдалануға болады.
Риат Шони, тілші:
– Pfizer вакцинасы жайлы айтатын болсақ, бұл екпені алған адамдар Норвегияда, Германияда қайтыс болды деген жаңалықтарды барлығымыз оқыдық. Бірақ мамандар: «Бұл қайғылы оқиғаларға бірден вакцинаны кінәлауға болмайды», – дейді.
Дана Ақылбекова,Назарбаев университетінің Биоинженерлік медицина саласындағы профессоры:
– Менің ойымша, Pfizer бұл вакцина қалай әзірлену керектігін көрсететін жақсы үлгі. Ол жылдам дайындалған екпе емес. Оны 2 ғалым 10 жыл бойы әзірлеумен айналысқан. Бірақ коронавирусқа қарсы қолданып көрді. Тиімділігін көрсетті. Барлық клиникалық сынақтан өтті. 70 мың адамға егіліп, тексерілді. Pfizer екпесін жасатқаннан кейін еріктілер көз жұмды деген ақпарат жылдам тарады. Бірақ бұл вакцина кімдерге егілді? Созылмалы аурулары бар қарт адамдарға. Олар екпенің салдарынан емес, өзге ауруларының асқынуынан қайтыс болған шығар. Ол әлі анықталған жоқ.
Филип Ла Флер, Назарбаев университетінің профессоры:
– Pfizer вакцинасы жаңа технология бойынша әзірленген. Ол аз уақыттың ішінде екпе дозасын көп жасауға мүмкіндік береді. Бір әттеген-айы – ол оны тасымалдау кезінде суық тізбекті сақтауды талап етеді. Әрине, бұл тиісті инфрақұрылымы дамымаған аймақтарға жеткізуде көптеген қиындықтар тудырады. Вакцинаның кері әсері бар екендігінде жасыруға болмайды.
Риат Шони, тілші:
– Екпе егу ерікті түрде жүреді. Сізді ешкім міндеттей алмайды. Бұндай әрекет заңмен қудаланады. Ал қазақстандықтар ерікті түрде екпе жасатуға дайын ба?
БЛИЦ:
– Бірінші басқа адамдар жасатып алсын. Сосын жасатамын.
– Жоқ. Сенімсізбін. Ешқайсысына сенбеймін. Ақпарат аз.
– Енді жаңадан жасалған дүние ол, бірден тиімді болады деп сенбеймін.
– Жасатпаймын. Сенбеймін. Енді айтып жатыр ғой, адам өледі деп.
Риат Шони, тілші:
– Вакцина егу қажет пе, әлде жоқ па? Оны әрине, әр адам өзі шешуі қажет. Бірақ екпе әзірлеуде бірінші орынға саясат емес, адам өмірі қойылсын деп тілейік. Айтпақшы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев егер отандық вакцина тиімділігін көрсетсе, Qaz-Covid-In-ді егетіндігін айтқан. Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеңіздер!
Авторлары: Риат Шони, Азамат Сәметов