Жасыл желекке бет бұрған елдің ұтары көп
Ол жоба алдағы 5 жылда жүзеге асуы керек. Алайда осындай көлемдегі қыруар жұмысты атқаруға жергілікті билік қаншалықты қауқарлы?
Әр секунд сайын – 46 көшет. 5 жылда 2 миллиард ағаш егу үшін осындай жылдамдық керек. Фантастика болып көрінгенімен, шешім бар. Ағаштың басым көбін бетпақ далаға әрі Қызылорда, Жамбыл, Түркістан облыстарына егу жоспарланған. Сырдың Сексеуіл елдімекені де жасыл желекке оранады.
Сексеуілді егудің екі жолы бар көрінеді. Алғашқысы әр көшеттен ексе, кейінгісі – дән себу. Екінші нұсқа тиімді болатын сыңайлы.
Дәмелі Бердешова, Табиғи ресурстар департаментінің бөлім басшысы:
– Арал отанына егілген екпелердің өсімі – 30-35 пайыз. Өйткені ол суғарылмайды. Тек агротехникалық талап сақтап ексе оң нәтиже береді.
Орман шаруашылығы аумағындағы биік ағаш түрлері көшетпен егіледі. Тұқымдар тамырланғаннан кейін егу орнына жеткізіледі. Бір гектарға 4 мың түп терек егіледі. Бұл ағаштардың орташа өсу көрсеткіші – 60 проценттен жоғары. Қазір министрлік 2 миллиард түпті өңірлерге тең бөліп қойған.
Аян Мейраш, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы:
– 1 миллиард 455 миллион тал ағаш егу керек. Әр облыс жауап береді. Біз 290 миллион, ал жеке сектор 295 миллион тал егеді.
Тек Қарағанды облысында 5 жылда 100 миллион ағаш егу жоспары бар. Салыстырмалы түрде алсақ, өткен жылы не бары 700 мың түп егілген. Ал биыл 1 миллион 700 түп ағаш отырғызылады.
Бекзат Мақажанов, Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:
– Биылғы жоспар – 430 мың гектар. Бұл мақсатты орындау үшін кешенді жоспар бекітілді. Ол үшін көшеттер көлемін ұлғайтып, техниканы жандандырып, бюджет қаржысы қаралып жатыр.
Жұмыстың қарқын алуы 2023 жылдан басталады. Себебі алдымен еңбек зая кетпеу үшін әр жер мұқият тексерілуі тиіс.
Роман Кислер, көгалдандырушы:
– Биолог, гидролог сынды тәжірибелі мамандар керек. Себебі мұндай кең көлемде ағаш егу қоршаған ортаға да, экологияға да оң ықпал етеді. Тек жұмыс жүйелілігін жоғалтпаған жөн.
Мұндай масштабты бағдарламаның бағасын әлі ешкім есептеп үлгерген жоқ. Алайда мамандар шығынынан көрі кірісі көп боларына сеніммен қарайды.
Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:
– Атам қазақтың «Бір тал кессең, он тал ек» деген өсиетін орындайтын кез келді. Қазір экология ластанып, таза ауа тапшы болып бара жатқан кезде жасыл желекке бет бұрған елдің ұтары көп, ұпайы түгел болмақ. Оның үстіне көгалдың көптігі ауа тазартатын құрылғыларды орнатқаннан гөрі кемі 80 есе арзан көрінеді. Яғни, біле білгенге экономикалық тұрғыдан да тиімді.
Авторы: Дәуренбек Бағдәулетұлы