Алматы облысындағы Екпінді ауыл тұрғындары етікпен су кешіп жүр
Өйткені қар еріп, жауын жауса болды, өздері тұратын көшенің көркі кетеді. Мектепке баратын баланың балтыры балшыққа батады. Балшық пен шалшықтан әбден әбігер болған екпінділіктердің мұң-зарын естіп, әрекет қылуға тиіс жергілікті әкімдік не дейді?
Алмас Садуақас, тілші:
- Бөлек батыр көшесіндегі 50-ге жуық отбасы: «Ауылдан мүлдем бөлек қалғандай болдық», – дейді. Өйткені күз-көктемде балшыққа айналатын көшемен қонышы биік етік кимесеңіз, мүлдем жүре алмайсыз.
Екі күн бойы Екпіндіде жауын төкті. Іле ауданына қарасты бұл ауылда әлі асфальт төселінбеген екі көше қалыпты. Соның бірі – осы Бөлек батыр көшесі. Былтыр күзде көшенің тұрғындары жиналып, жергілікті әкімдікке: «Көшеге асфальт төсеп беріңіздер», – деп өтініш айтқан. Алайда қазіргі көше көрінісі осындай.
Мәриям Бекмұхамбетова, Екпінді ауылының тұрғыны:
- Мына көшеміздің сиқын көріп тұрсыңдар. Не жазда, не қыста жүре алмаймыз. Жазда шаң-тозаң, топырақ жұтамыз. Аурудың бәрі бізге келеді.
Үш шақырымға созылған көше ауылдағы орта мектепке барып тіреледі. Оқушылардың дәл осы көшемен сабаққа баруы қиын. Қоныштарына дейін су кіріп, езілген балшық етіктеріне жабысып, жүрісін тежейді. Мектеп те, бұл маңдағы үйлер де бертінде бой көтерді. Электр жарығы, табиғи газдан тапшылық жоқ. Бірақ бір ғана мәселе көше жөнделмей тұр. Жергілікті әкімдік өкілдерінің айтуынша, былтыр көшеде су және арық жүйесін жүргізу жұмыстары аяқталмай қалған.
Жомарт Ахатбеков, Междуреченск ауылдық округі әкімдігінің бас маманы:
- Күзде осы жерден су жүйесін өткіземіз. Жобасы өтті, экспертизада жатыр. Жол жасалғанымен, ол қайтадан қазылады. Құдық қойылады. Сол жұмысты биылға қойып жатырмыз.
Бөлек батыр көшесін орталықтандырылған су жүйесіне қосу келесі айда басталады. Жұмыс жоспардағыдай жүрсе, күзге салым аяқталуы тиіс. «Тек содан кейін ғана асфальт төселеді», – дейді жергілікті әкімдік мамандары. Ал Екпіндінің тұрғындары: «Жұмыс ұзаққа созылып кетпесе болды», – деп уайымдап отыр.
Авторлары: Алмас Садуақас, Нұрдәулет Жақсыбаев