Еліміздегі ауыл шаруашылығын қалай көтереміз?
Бұл мақсатқа саланы дамытудың ұлттық жоспары арқылы қол жеткізу көзделіп отыр. Әсіресе, агроөнеркәсіп кешенінде кооперация құру басымдыққа ие бағыт. Арнайы тұжырымдама жақын күндері дайын болады. Қазір ол жан-жақты талқылаудан өтуде. Жалпы ұжымдаса, бірлесе отырып әрекет ету, бұған дейін де қолға алынған болатын. Одан қандай нәтижеге жеттік, алда нені ескеруіміз керек?
Өнім кейде жетпеді, кейде оны сақтайтын орын таппай, экспортқа да шығара алмай, ысырап жасадық. Сәйкесінше баға кейде құлдырады, ал тағы бірде тым шарықтады. Осының бәрін жүйеге келтіру үшін әр жылдары түрлі бағдарлама қабылданды. Бәрін саралай келе кооперация құру осы тұрақсыздықты жояды деген сеніммен 2016 жылы соған көшуді бастадық. Бүгінге дейін 2900 кооперация құрылыпты. Бірақ жұмысын жүйелеп, салығын төлеп отырғаны 642 ғана. Олардың басым бөлігі егіншілікпен, қалғаны сүт және ет өндірумен айналысады.
Бағлан Аймурзаев, ҚР АШМ басқарма басшысы:
- Павлодар облысында 40 шаруа қожалығы біріге отырып, арзан бағамен жанар-жағармай, тұқымды сатып ала отырып, жинаған өнімді тиімді бағамен сатады.
Бұл мүмкіндікті неге бәрі бірдей пайдаланбады? Оның да өзіндік себебі бар.
Алмасбек Садырбаев, мал өсірушілер қауымдастығының төрағасы:
- Ол жерде 50% субсидия деген әңгіме бір жыл ғана болды. Одан кейін алып тастап еді, өмірге бейімсіз болып қалды. Әлемнің 52% ауылшаруашылық өнімін беретін бұл кооперативтер 8 млрд халықтың 2 млрд-ы осы кооперативтің төңірегінде.
Осыны ескеріп болмаса да ұқсап бағуға тырыстық. Сүрінді, құлады, әр өңір өзіне тән өнімді шығаруға бейімделді. Алдағы мақсат – оны шикізат емес өңделген өнімге айналдыру. Ендігі кооперациялар осыған бағытталады.
Бағлан Аймұрзаев, ҚР АШМ басқарма басшысы:
- Қазіргі таңда сүттің 70% жуығын жеке қосалқы шаруашылықтар беріп отыр. Жеке-жеке өңдеуші кәсіпорындардың қуаттылығын арттыра алмаймыз. Бұл жерде ең тиімді құрал коопперация екенін білуіміз керек.
Осы жерде Түркияның тәжірибесіне тоқталып өтсек. Міне, мына сөре – толған өнімнің бәрі жергілікті шаруалардың өндірісі. Халық таза табиғи өнім тұтынады әрі импортқа тәуелді емес.
Алмасбек Садырбаев, мал өсірушілер қауымдастығының төрағасы:
- Біз кооперативтік дүкендерді ашсақ, сонда ғана ауыл заттары тұтынушыға, қалаға арзан бағаман, ортадағы делдалсыз жетеді. Ауылдың тауары – таза өнім. Сол Түркияда керемет дамып кеткен.
Бұл көрсеткішке жету үшін де шаруалардың ұжымдаса әрекет еткені керек. Себебі бір адам ірі сауда орнына ұзақ уақыт тұрақты түрде тауар жеткізе алмайды. Ондай қоры жоқ. Өзгелермен біріксе, қиындық шешіледі. Елімізде осыған ұқсас қанат қақты жобалар әркез қолға алынып жүр. Мәселен, «Алқаптан сөреге дейін» бағдарламасын алайық. Ол үш өңірде іске асырылған. Бірақ Алматы облысы ғана белгілі нәтижеге жете алыпты.
Диас Бейсенбек, Өңірлік әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының өкілі:
- Тауар өндірушілері және сауда желілері арасында үш жақты меморандум жасадық. Жалпы Алматы облысы бойынша бес мың тоннаға жуық өнім өндіріліп, сауда желілері арқылы сатылды.
Кооперация құрудың артықшылықтарына тоқталсақ, мемлекет егін егу мен кәсіпорынға қажет техникаға кеткен шығынның 50% өтейді.
Тауар түрлеріне байланысты 70% дейін салықтық жеңілдік қарастырылған. Ал ұжымдасқан шаруалардың міндеті – жаңа жұмыс орындарын құру және тұрақты өнім беру.
Ердәулет Ыбырайұлы, тілші:
- Айта кетейік, қазір алдағы бесжылдыққа арналған ауыл шаруашылығы саласын дамытудың ұлттық жоспары жасалуда. Өл өнімділік пен оның экспортын 2-2,5 есеге дейін арттыруға ықпал етуі тиіс. Шаруалар да аталмыш тұжырымдамаға өз ұсыныс тілектерін білдіре алады.
Авторлары: Ердәулет Ыбарайұлы, Жандос Сұлтанғазы, Серік Қоңырбаев