Атыраулық шаруалар жоғалған малын кімнен дауларын білмей дал
Әккі ұрылар көршілес Батыс Қазақстан облысына жақын жатқан ауылдарға да ауыз салған. Тіпті шекара асқан малды іздеуге тәртіп сақшылары дәрменсіз.
Индер ауданының тұрғыны Айтқали Жалиевтің үйірде жүрген төрт бас жылқысы бір түнде оққа ұшыпты. Екеуінің қарнын жарып, бас-сирағын сол жерге қалдырып, етін көлікке тиеп кеткен. Ал бір тайын ұрылар атып алғанымен, сол күйі қалдырған. Үйірден адасқан тағы бір байтал таңға жуық үйге жаралы келіпті.
Айтқали Жалиев, мал иесі:
- Қаңтар айының аяғына дейін екі бас жылқы кетті. Оны да атып әкеткен. Басы мен сирағы қалды, соны таптық.
Жыл басынан бері Индер ауданындағы 15 адамның 30-ға тарта жылқысы қолды болыпты. Өздері іздегенімен, күдік бар да, айғақ жоқ. Оңай олжаға құныққандар қасқырдан бетер, қара малдың обал сауабына қарайтын емес. Тіпті желіні жетіп тұрған буаз биелерді бауыздап, ішін жарып, құлынын ақтарып кете берген. Амалы таусылғандар полиция бөлімшесіне арызданған екен.
Қайсахан Ізбасов, Атырау облысының тұрғыны:
- «Алтын» шаруашылығы екі облыстың ортасында, шекарада тұр. Органдарға шағымданғанда мынадай мәселе туындайды. Жылқының атылған жері – БҚО жері. Ол облыстың иесі: «Жер біздікі, мал біздікі емес», – дейді. Іс содан жүрмей тұрып қалады. Бір Қазақстанда отырып екіге бөліну – болмайтын іс қой!
Сергелдеңге түскен мал иелері арыздарын кімге айтарын білмей дал. Ал істі бір-біріне сілтеген Атырау мен БҚО полиция департаментінің қызметкерлері малды жайылымға жіберген шаруалардың өздерін кінәлап отыр.
Гүлнәзира Мұхтарова, Атырау облыстық ПД баспасөз хатшысы:
- Малды өріске бақташысыз өз бетімен жіберсе, бұл азаматтар Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 408-бабына сай әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Облыс бойынша ұрлық Индер, Қызылқоға және Құрманғазы аудандарында өршіп барады. Полиция департаментінен білгеніміз тек биылдың өзінде барымташылықпен айналысқан 27 күдікті ұсталып, 61 бас жылқы иелеріне қайтарылған. Алайда ұрылар айылын жияр емес.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов