Жезқазғандағы сүрілетін үйлердің тұрғындары ескі баспананың бұзылуына қарсы
Себебі қаланың бас жоспарына сәйкес, алдағы бес жылда апатты және ескі 262 үй сүрілуі керек. Биылғы тізімге ең қауіпті деген 24 үй еніпті. Сәйкесінше, сүрілетін пәтер иелеріне өтемақы төленуі тиіс. Бірақ тұрғындар: «Үйіміз аса бір ескі емес әрі арзан бағаланып отыр», – дейді.
Апатты 24 үйдегі 250 пәтердің қожайынына өтемақы төлеу үшін биыл қалада төтенше жағдай жарияланып, қазынадан 1 миллиард 500 миллион теңге қаражат бөлінген. Енді тұрғындарға теңдей үлестіріліп берілуі тиіс. Бірақ жұрт: «Бұл аздаған ақшаға лайықты баспана ала алмаймыз», – деп алаңдаулы.
Мира Мауленина, Жезқазған қаласының тұрғыны:
- Жезқазғанда бір бөлмелі пәтер қазір 6-8 миллион тұрады. Бізге оны алатын тіпті 5 миллион да бермей тұр ғой. Сонда баламен далада қаламыз ба?!
Тұрғындар үйдің ескі екенін мойындайды, бірақ көпшілігі апатты деген шешіммен келіспейді. Себебі оны дәлелдейтін тиісті құжатты ешкім әкеліп көрсетпеген. Сондықтан жұрт: «Баспанамызды тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы» арқылы жөндеп берсе», – дейді.
Әйгерім Аманова, Жезқазған қаласының тұрғыны:
- Біздің үйіміз апатты үй емес. Баспанамызға жөндеу жасап берсін. Өйткені басқа ескі үйлермен салыстырғанда, біздің үй әлдеқайда жақсы. Естуімізше, екі бөлмелі үйге 3.5 миллион теңге беріледі деп жатыр екен. Бұл 3.5 миллион теңгеге бір бөлмелі пәтер де ала алмайсың.
Атқарушы билік өкілдерінің айтуынша, өтемақы мөлшері әр пәтердің нарықтағы құнымен өлшенеді. Бірақ баспананы бағалау жұмыстары әлі басталған жоқ. Ол шаруаны атқаратын компанияны анықтау үшін тендер жарияланған. Дегенмен ағаш үйлердің арзан болатынын жасырмайды. Ал пәтер орнына дәл сондай баспана беру мәселесі немесе жөндеп беру әу баста қарастырылмаған.
Алиса Сағымбаева, Жезқазған қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы:
- Біз дайын үй береміз деп айтқан жоқпыз. Себебі қалада бюджет тарапынан салынған үйлерден, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған үйлерден апатты үйдің тұрғындарына пәтер беру көзделмеген. Сол себепті біз төтенше жағдай жариялап, пәтер иелеріне реквизиция жасап, компенсация төлейміз.
Айта кету керек, бұзылатын 24 үйдегі 9 пәтер жекешеленбеген екен. Тек солардың тұрғындарына ғана мемлекеттік коммуналдық қордан басқа үй берілмек. Қазір босаған алғашқы үйді бұзу жұмыстары басталды.
Ардақ Асылханұлы, тілші:
- Қаладағы апатты үйлердің барлығы дәл осылай сүріледі. Бірақ әзірге бір ғана баспана бұзылып, тұрғындарына толық өтемақы төленді. Енді дәл осы орында жыл соңына дейін бес қабатты жаңа үй бой көтеруі тиіс.
Қаланың бас жоспарына сәйкес, алдағы бес жылда апатты және ескі үйлердің барлығы бұзылып, орнына жаңасы салынуы керек. Ол жұмыс инвесторлардың есебінен жүзеге асады. Демек, тұрғындарға өтемақыны алғашқы жарнаға төлеп, сол баспаналардан ипотекаға пәтер алудан басқа амал жоқ. Ал олардың көпшілігі – зейнет жасында немесе әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Аслан Демесбаев