Өскемендік жедел жәрдем қызметінің мамандары жәрдемақыларын ала алмай отыр
Олардың айтуынша, салалық басқарма қалалық жедел жәрдем станциясы ұжымының коронавируспен күрес кезіндегі еңбегін мүлде дұрыс есептемеген. Ал Денсаулық сақтау басқармасы дәрігерлердің талабымен еш келіспейді.
Дархан Есжанов, жедел жәрдем бригадасының дәрігері:
- Мен тәуекелі жоғары аймақта жұмыс істедім. Бізге ай сайын 425 мың теңге төлеуі керек. Бірақ өз басым наурыздан бастап, сәуір, мамыр, маусым айларында жәрдемақы мүлдем алған жоқпын.
Алма Кәкітаева, жедел жәрдем бригадасының фельдшері:
- Санаған кезде шамамен 4 миллион 800 мың теңгедей төлеуі керек. Яғни 800 мыңды алсам, маған 4 миллион әлі берген жоқ деген сөз.
Жоқ ақшалары мен еленбеген еңбектерін дәлелдеу үшін дәрігерлер заңгерлердің кеңесіне жүгінді. «Өйткені Денсаулық сақтау министрінің бұйрығын жергілікті атқарушы билік дұрыс орындамай отыр», - деп санайды.
Елена Сухова, заңгер:
- Денсаулық сақтау министрі коронавируспен күресетін медицина мамандарын арнайы бұйрықпен үш топқа бөлген. Мәселен, жедел жәрдем станциясының дәрігерлері мен фельдшерлері екінші топқа жатады. Бұл – тәуекелі жоғары топ. Жүргізушілер үшінші топқа енді. Бірақ олар үнемі дәрігерлермен бірге жүретіндіктен, індетке шылдыққан адаммен кез келген уақытта бетпе-бет келеді.
Медицина қызметкерлерінің салалық кәсіподақ ұйымының өкілдері: «Дәрігерлердің еңбекақы үстемесіне қатысты талабы заңды», - деп отыр. Өйткені елордадағы әріптестеріне ың-шыңсыз қосымша қаржы төленген.
Михаил Айзенберг, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі кәсіподақ ұйымы облыстық филиалының төрағасы:
- Нұр-Сұлтан қаласында індетпен күрес кезінде диспетчерге дейін төледі. Жас дәрігерден бастап бас дәрігерге дейін, яғни арнайы бұйрық бойынша төленуі тиіс мамандардың бәріне еткен еңбегіне сәйкес қаржы берілді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы медицина мамамандарының еңбекақыға қатысты талабымен мүлдем келіспейді. Өскемендегі жедел жәрдем станциясына індет кезінде тек еңбекақыға ай сайын бірнеше миллиард теңге бөлінгенін айтады.
Ермек Сембаев, Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Облыстағы барлық емдеу мекемесінің қызметкеріне Үкімет қаулысында қалай жазылды, солай ақша төленді. Бүкіл ел бойынша сол бір қаулы. Басқаша қаржы бөлінуі мүмкін емес. Ал «70 миллиард теңге төленбеді» деген мүлдем дұрыс ақпарат емес.
Дегенмен салалық басқарма мен міндетті әлеуметтік медициналық қордың мамандары еңбекақы үстемесіне қатысты тексеру жүргізбек.
Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин