Зейнетке шығу жасы өзгертілмейді
Дағдарысқа қарсы шаралардың арқасында бұл көрсеткішті 4,9% төмендету мүмкін болған. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Еңбек министрі журналистердің сауалдарына жауап берді.
Индира Жылқайдарова, тілші:
- Қазына қаржысының үштен бірі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне бөлінген. Оның 1 трлн 150 млрд теңгесі жол картасы және жұртшылықты жұмыспен қамту бағдарламаларына бағытталған. Соның нәтижесінде 239 мың адам жұмысқа орналастырылған.
Алайда оның 11 мыңы ғана тұрақты еңбек етіп жүр. Ал уақытша жұмыста береке жоқ, айлығы да көңілге демеу емес. Бірлі жарым енжар, жұмысқа құлықсыз жандарды қоспағанда, 500 мыңдай азамат нәпақа көзін іздеп тіркеуге тұрған.
Алмас Жамалов, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
- Қазіргі уақытта тұрақты жұмыс табу қиын. Көбі уақытша жұмыспен айналысады. Сауда үйінің маңына күніне 15-30 шақты адам уақытша жұмыс іздеп келеді.
Серік Шәпкенов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
- Мемлекет тарапынан үлкен антикризистік бағдарлама – жұмыспен қамту жол картасы қабылданды. Осының аясында былтырғы жылдың өзінде 239 мың жаңа жұмыс орындары құрылды. Оның ішінде уақытша да, тұрақты жұмыс орындары да бар. Осы жұмыс орындарға тарту арқылы былтырғы жылы жұмыссыздық деңгейін 4,9% деңгейінде сақтап қала алдық.
Азық-түлік бағасының күрт өсіп кеткені жайлы ақпарат ешкімге жасырын емес. Журналистер еңбек министрінен табысы аз, күнкөрісі төмен отбасыларға қандай көмек көрсетілетінін сұрап білді.
Серік Шәпкенов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
- Қазірдің өзінде 500-ден астам азамат осы көмекті алуда. Былтыр 900-ден астам азаматқа көмек көрсетілді. Оның 600-і бала.
Журналистер соңғы кездері Парламент депутаттары жиі көтеріп жүрген тақырыпты қаузады. Ол зейнет жасын төмендетуге қатысты. Еңбек министрі тоқетерін айтты: зейнетке шығу жасы өзгертілмейді. Қазақстанда 1998 жылдан бері зейнетақы жинақтау жүйесі енгізілген. «Егер құрмет демалысына ерте шықса, зейнетақысы жарытымсыз болып қалуы мүмкін», - деді министр.
Авторы: Индира Жылқайдарова