Медицина қызметкерлері алдағы жексенбіде кәсіби мерекесін атап өтеді
Басын қатерге тігіп, науқасты аман алып қалу үшін бар білімі мен біліктілігін сарп ететін жандар қашан да құрметке лайық. Дәрігерлердің ең қымбат жандар екенін пандемия кезінде етене түсіндік.
Өмір бастауы – жүрек. Рүстем Төлеутеаев осылай дейді. 15 жылдан бері бұл салада еңбек етіп келе жатқан ол – білімді де білікті кардиохирургтердің бірі. Новосибирскте білім алып, Италияда шыңдалған. Жүрек қағысын қалыпқа келтіру үшін 20 сағаттан астам операция жасайтын дәрігер: «Топтық жұмыстың рөлі зор», – дейді.
Рүстем Төлеутаев, Кардиология институтының бөлім меңгерушісі:
- Бір ашық ота болып жатқанда жүрекке кем дегенде 8 адам кіреді. Енді 8 адам, ол әр адам өз жұмысын толықтай атқарып келуі керек. Ол жаңағы бірдеңесін дұрыс істемесе, ол ертең операцияда жатқан науқастың денсаулығына зақым келтіруі мүмкін.
Жас кардиохиругтың айтуынша, алдыңғы жылмен салыстырғанда биыл елімізде операция 30% көбірек жасалған. Бұл диагностика жақсарғанын білдіреді.
Рүстем Төлеутаев, Кардиология институтының бөлім меңгерушісі:
- Ең бірінші науқастың баратын жері – емхана. Емханада ол диагноз дұрыс қойылса, оның нәтижесі бізге жіберіледі. Сондықтан қазір қарасақ, емханада отырған мамандардың деңгейі жоғарырақ.
Гүлнар Мұратқызының күнделікті жұмысы осылай басталады. 30 жылдан астам дәрігерлік мансаптың ыстық-суығын көрген маман мыңдаған науқасты сауықтырған. Еңбек жолын алғашында медбикеліктен бастаған ол – бүгінде үздік терапевттердің бірі.
Гүлнар Сихимбаева, терапевт:
- Кішкентай кезімде әжем қатты ауырған болатын. Сол кісіні «емдеймін» деп мен бірінші медучилищеге оқуға түскенмін.
Ақ халатты абзал жан тәуелсіздікпен бірге келген өзгерістерге дән риза. «Кеңестік дәуірмен салыстырғанда медицина қарыштап дамыды, ал дәрігерлердің беделі ол уақытпен салыстырғанда әлдеқайда өсті», – дейді ол.
Гүлнар Сихимбаева, терапевт:
- 90 жылдары біз жұмыс істеп бастаған кезде бізде жалақы да болған жоқ. Біз соған қарамастан бәрібір жұмыс істедік. Қазіргі кезде біздің жалақымыз еңбегімізге қарай төленеді.
Десек те қауіпті індет басталғалы жағдай күрделенді. «Науқастардың өмірі үшін күресте барымызды салып, өз өмірімізді қатерге тіктік, біраз нәрсеге көзқарасымыз өзгерді, – дейді дәрігерлер.
Авторлары: Дана Алиева, Анель Абдимова, Мейрамбек Ахмаханов, Шапағат Мырзабеков