Үкімет резервінен 1,9 млрд теңге Маңғыстау облысына жеткізілді
Ал Қызылорда облысына 20 тамызда 1,7 млрд теңге беріледі. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі жанындағы республикалық жедел штабтың бесінші отырысында айтылды. Қазір қос аймақтағы мамандар өз өңіріндегі мал санын түгендеуде. Кейін оның қаншасын қыста бағатынын нақтылайды. Осылайша қажет жем-шөп мөлшері есептеледі.
Басқа өңірлерде волонтерлар жинаған шөпті тасымалдау шығынын демеушілердің қаражаты есебінен жабу ұсынылды. Ол үшін арнайы қор құрылуы мүмкін. Ауыл шаруашылығы министрлігінің қызметкерлері алғашқылардың бірі болып біркүндік жалақысын сонда аудармақ. Ал резервтен бөлінген ақша келесідей мақсатта қолданылады.
Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі міндетін атқарушы:
- Үкіметтік резервтен мал азығын арзандату мәселесіне 1,9 млрд теңге бөлінді. Жем-шөп Ақтөбе облысы мен Батыс Қазақстан облысынан сатып алынып, Маңғыстау облысының аудандарына жөнелтіледі. Қыста шөп жетпей жатса, қосымша қор ретінде пайдаланылады.