Алматыда әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасы бақылауда болады
Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында әкімдік қаладағы ірі сауда орталықтарымен, базарлар және өндіріс орындарымен келісімшартқа отырды. Соның негізінде әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасы бақылауда болады. Тауарды тікелей жеткізу барысында ешқандай кедергілер болмайды. Өйткені барлық азық-түлік «Даму» тарату орталығының қоймасында сақталады. Қойманың жалпы ауданы – 18500 шаршы метр. Оған 5600 тоннадан астам тауар сыяды. «Бұл өз кезегінде өнімді үлкен көлемде жинауға және тауарларды ысырапсыз сақтауға мүмкіндік береді», – дейді мамандар.
Дамир Тазабек, қалалық Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы басшысының орынбасары:
- «Магнум» желісімен 7 мың 800 тоннаға 12 әлеуметтік маңызы бар тауар бойынша келісім жасалған. Бұл баға жылдың аяғына дейін сақталып тұрады. Сонымен қатар 4 түрлі көкөніске – картоп, сәбіз, пияз және қырыққабатқа 22 мың тоннаға келісім-шарт жасалған. 1 қыркүйектен бастап «Магнум» желілерінде сатылып жатыр. Қаладағы орташа бағадан 30-40% төмен.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бірі – ет десек, жаңа жыл қарсаңында ірі-қара етінің бағасы аспандап кететіні белгілі. Қала әкімдігі Алматы облысы Қарасай ауданында орналасқан «Асыл ет» компаниясымен бір жылдық келісімге отырған. Келісім нәтижесінде келесі жылдың шілде айына дейін фирмалық дүкендерде сиырдың жауырын, төс етінің бағасы 2050 теңгеден аспайды.
Сырым Аманжолов, «Асыл ет» компаниясының бас директоры:
- Мемлекеттік көмек ретінде пайызсыз қаржыландырылды. Бізде де өз тарапымыздан еттің бағасы қымбаттағанымен, өз үлесімізді қосып, бағаның өспеуіне күш-қуатымызды қосып жатырмыз.
Тауар бағасын тұрақтандыру үшін қала бюджетінен 10 млрд теңге бөлінген. Енді өндірушілер немесе сауда желілері мен базарлар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын негізсіз көтеретін болса, қомақты айыппұл төлейді.
Авторлары: Жандос Айтбайұлы Сержан Жұмабаев