Елордада тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуге шақыратын «Кәдімгі заттар» көрмесі ашылды
Осыған орай елордада тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуге шақыратын «Кәдімгі заттар» көрмесі ашылды. Онда былғары белдік, кітап, сіріңке, бәтеңке сынды сырт көзге қарағанда қарапайым 16 зат ұсынылған. Бірақ әрқайсысы жәбірлеу құралына айналып, әйелдердің өмірін қия жаздаған.
«Ресми статистикаға сүйенсек, әлемде күн сайын 137 әйел өз отбасы мүшелерінің қолынан қаза болады. Ал әрбір үшінші әйел өмірінде бір рет болсын физикалық не жыныстық зорлыққа тап болады. Сондықтан экспозицияның басты мақсаты – бұл мәселеге назар аударту», - дейді ұйымдастырушылар.
Мария Донецко, «БҰҰ-Әйелдер» Құрылымының Қазақстандағы өкілі:
- Зорлық-зомбылықтың құрбаны болған әйелдердің тек 40% ғана көмекке жүгінеді. Бұл – қорқынышты жағдай. Биылғы жылдың 10 айында елімізде 1600-ден астам қыз-келіншек зорлық-зомбылықтан зардап шекті. Өкінішке қарай, коронавирусқа байланысты пандемия кезінде мұндай фактілердің саны 25% артты.